Бозымбаев өңірлердегі коммуналдық жобаларды жеделдетуді тапсырды

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» (ЭКСЖ) ұлттық жобасын жүзеге асыру жөніндегі Жобалық кеңсенің отырысы өтті. 

Бозымбаев өңірлердегі коммуналдық жобаларды жеделдетуді тапсырды
Фото: Үкімет

Инфрақұрылымды жаңарту барысы, жекелеген өңірлер бойынша жұмыстарды жеделдету үшін шаралар қабылдау және 2027 жылға арналған жобаларды дайындау мәселелері қаралды.

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, тоғыз өңірде 22 нысандағы жұмыстар аяқталды. 145 жоба бойынша құрылыс жұмыстары мен жабдықтарды сатып алу жүргізілуде. Сонымен қатар келесі құрылыс маусымына дайындық жүріп жатыр. 180 жоба бойынша шарттар жасалып қойған.

— Қазiргi уақытта коммуналдық инфрақұрылымға арналған жобалар мен инвестициялардың жалпы пулы таңғалдырады. Тәуелсіздігіміздің бүкіл тарихында мұндай болған емес. Осы инвестициялардың барлығын уақтылы игеріп, нақты нәтижелерді көрсету қажет, — деді Қанат Бозымбаев.

Отырыс барысында ұлттық жобаны жүзеге асыру қарқынын жеделдету үшін жергілікті жерлерде ведомствоаралық өзара іс-қимылдың тиімділігін арттырудың маңыздылығы атап өтілді. Әкімдіктердің, коммуналдық кәсіпорындардың және Табиғи монополияларды реттеу комитетінің аумақтық департаменттерінің тығыз жұмыс істеу қажеттілігіне ерекше назар аударылды.

Түркістан облысында мәлімделген 13 жобаның 11-і бойынша шарт жасалған, ал құрылыс жұмыстары бесеуінде ғана басталған. Ақтөбе облысында 17 жобаның сегізі бойынша шартқа қол қойылған, жұмыстар төрт жобада жүргізілуде. Бұл ретте өңірдегі жылу желілерінің тозуы — 55%-ды, ал электр желілерінің тозуы 76%-ды құрайды. Жамбыл облысында 20 нысанның бесеуінде құрылыс жұмыстары басталды.

Қанат Бозымбаев жобалық кеңсенің барлық шешімдерінің уақтылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды: үш өңірге 20 қарашаға дейін осы жылдың жобалары бойынша шарттар жасасуды аяқтау тапсырылды.

Вице-премьер Ұлттық жобаның тиімділігі нақты нәтижелер бойынша: жаңартылған желілердің ұзындығы, олардың тозуы мен апат қаупінің төмендеуі секілді көрсеткіштерді ескере отырып бағалануы тиіс екенін атап өтті. Ұлттық экономика министрлігіне жобалардың жүзеге асырылу барысына күнделікті бақылау орнату тапсырылды.

2027 жылғы құрылыс маусымына дайындық барысына ерекше назар аударылды. Әкімдіктерге 1 желтоқсанға дейін конкурстық рәсімдерді аяқтау, ал жыл соңына дейін шарттардың жасалуын және қаржыландыру мәселелерінің шешілуін қамтамасыз ету тапсырылды.

Сонымен қатар отандық өндірушілерді қолдау, коммуналдық саланы цифрландыру және тазарту құрылыстарын жаңғырту мәселелері қаралды. Ұлттық жоба аясында 3,5 млрд теңгеден астам сомаға қазақстандық өнімді жеткізуге 54 шарт жасалып қойды.

Отырыс қорытындысы бойынша Қанат Бозымбаев жауапты ұйымдар арасындағы үйлестіруді күшейтуді, белгіленген мерзімдердің сақталуын қамтамасыз етуді және өңірлерде Ұлттық жобаның жүзеге асырылу тиімділігін арттыруды тапсырды.