— Бүгінде елімізде 8 мыңнан астам мектеп жұмыс істеп тұр, оның 5 мыңнан астамы ауылдық жерде орналасқан. Соңғы жеті жылда елімізде 1 миллионнан астам оқушы орнына арналған 1 342 мектеп салынды. Бұл мектептер желісін кеңейтуге, қолданыстағы мектептерге түсетін жүктемені азайтуға, сондай-ақ үш ауысымды оқыту, апатты мектептер және оқушы орындарының тапшылығы мәселелерін кезең-кезеңімен шешуге мүмкіндік берді, — деді Ж. Шарабасов Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, 2019–2026 жылдар аралығында қабылданған шаралар нәтижесінде үш ауысымда жұмыс істейтін мектептер саны бес есеге, апатты мектептер екі есеге, ал оқушы орындарының жалпы тапшылығы төрт есеге қысқарды.
— Кейінгі жылдардағы ең ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі — Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы. Бұл ұлттық жоба заманауи, қауіпсіз және функционалды білім беру ортасын құруға бағытталған мектеп инфрақұрылымының жаңа үлгісіне көшуге мүмкіндік берді. Жоба аясында еліміз бойынша 460 000 оқушы орнына арналған жаңа форматтағы 217 мектеп салынды. Оның 84-і ауылдық жерде орналасқан. Барлық мектептер жобалау, құрылыс және жабдықтауға қойылатын заманауи талаптарды қамтитын, сондай-ақ әр өңірдің климаттық және сейсмикалық ерекшеліктерін ескеретін бірыңғай стандартқа сай салынды, — деді вице-министр.
Оның сөзіне қарағанда, ұлттық жобаны жүзеге асыру нақты нәтижелер берді: бұрын үш ауысыммен жұмыс істеген 54 мектепте және апатты 12 мектептегі мәселелер шешілді, сондай-ақ 100-ден астам мектепте оқушы орындарының тапшылығы азайтылды.
Өз кезегінде ҚР Оқу-ағарту министрлігі Инвестициялық саясат және инфрақұрылымды дамыту департаментінің директоры Айқожа Әбсадықов соңғы 7 жылда елде апатты жағдайдағы 48 мектеп жойылғанын айтты. Сонымен қатар аталған мерзімде үш ауысымдағы мектептер бес есе азайып, 133 мектептің проблемасы шешілген.
— Қазіргі кезде елде 36 үш ауысымды және 27 апатты мектеп бар. Бұл мәселе кезең-кезең шешіледі. Биыл 4 үш ауысымды мектептің проблемасы шешілмек. 2027 жылы 2 үш ауысымды мектеп пен 10 апатты мектепке қатысты жағдай түзеледі. 2028 жылы 15 үш ауысымды мектеп пен 9 апатты нысан, сондай-ақ 2029-2030 жылдары 15 үш ауысымды мектеп және 4 апатты мектепке қатысты шешім жасалады. , — деді Айқожа Әбсадықов.
Бұған дейін Премьер-министр үш ауысымды мектептер мәсесін шешуде оң үрдіс бар екенін айтқан еді.