Тараптар Қазақстанда қонақүй бизнесін дамыту перспективасын талқылады. Серік Жұманғарин атап өткендей, Үкімет туристік саланы дамытып, халықаралық инвесторлар мен жетекші қонақ үй операторларын тарту үшін қолайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөледі. Қазақстандық тарап қонақүй инфрақұрылымын одан әрі дамыту үшін дайын нысандар сатып алу, жұмыс істеп тұрған ғимараттарды жалға алу бойынша бірқатар ұсыныс дайындаған.
— Біз Barceló Hotel Group әлеуетін жоғары бағалап, компанияны қонақүй саласындағы табысты жобаларды жүзеге асыруда бай халықаралық тәжірибесі бар сенімді әріптес ретінде қарастырамыз. Ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын талқылауға және Қазақстанда өзара тиімді жобаларды жүзеге асыру үшін жағдай жасауға дайынбыз, — деп атап өтті Серік Жұманғарин.
Бұл кездесу өткен жылы Серік Жұманғариннің Севильяда (Испания) БҰҰ-ның дамуды қаржыландыру жөніндегі IV халықаралық конференциясына қатысуы шеңберінде өткізілген келіссөздердің жалғасы. Сол кезде тараптар Barceló Hotel Group-тың қазақстандық нарыққа шығу мүмкіндігін талқылаған болатын. Қазақстандық тарап компания өкілдерін елдің инвестициялық және туристік әлеуетімен танысу үшін Қазақстанға шақырған.
Barceló Hotel Group өкілдері сапар шеңберінде Алматыға барады. Онда Астанадағыдай бірқатар кездесу өткізіп, қонақүй бизнесін дамытуға қолайлы нысандармен танысады.
Barceló Hotel Group — 1931 жылдан бері туризм саласында жұмыс істейтін отбасылық испандық компания. Штаб пәтері Майорка аралында (Испания) орналасқан. Компания қонақ үй, туристік агенттік пен авиакомпания желісіне иелік етіп және оны басқарады. Әлемнің 30 елінде 300-ден астам қонақүйді біріктіретін Испаниядағы ең ірі оператордың бірі.
Айта кетелік «Бәйтерек» экспортты қолдау мен инвестиция тартуды күшейтеді.