Қол қою рәсіміне ҚР Премьер-министрінің орынбасары — жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, сондай-ақ ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қатысты.
Сапардың маңызды нәтижелерінің бірі Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті, KU Leuven университеті, SIM² KU Leuven Тұрақты металдар мен минералдар институты және «Astana Hub» автономды кластерлік қоры арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуы болды. Құжат ШҚТУ-дың ғылыми және инженерлік әлеуетін, KU Leuven мен SIM² институтының тұрақты металлургия және стратегиялық маңызды шикізат материалдары саласындағы сараптамасын, сондай-ақ «Astana Hub»-тың инновациялық мүмкіндіктерін біріктіреді.
— Ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі — жасанды интеллект. Тараптар металлургиялық процестерді модельдеу, геологиялық және өндірістік деректерді талдау, жаңа материалдардың қасиеттерін болжау және стратегиялық маңызды шикізатты өңдеудің технологиялық тізбектерін оңтайландыру үшін жасанды интеллект құралдарын пайдалануды жоспарлап отыр. Бұл тәсіл ғылыми зерттеулерді жеделдетуге және зертханалық әзірлемелерден өнеркәсіптік өндіріске дейінгі жолды қысқартуға мүмкіндік береді.
Меморандум стратегиялық маңызды материалдарды тұрақты өндіру, өңдеу және қайта пайдалану, өнеркәсіпті цифрландыру, академиялық ұтқырлықты дамыту, халықаралық жобаларды іске асыру, конференциялар мен жазғы мектептер өткізу, сондай-ақ технологиялар трансферті салаларындағы бірлескен зерттеулерді көздейді, — делінген хабарламада.
Аталған келісім — Horizon Europe бағдарламасының TiBrerium жобасы аясында басталған ынтымақтастықтың жалғасы. Бұл жоба стратегиялық маңызды шикізат пен тұрақты технологиялар саласында еуропалық және қазақстандық ұйымдарды біріктірді. Қазақстан үшін бұл шикізат экспортынан жоғары қосылған құны бар білімді, технологиялар мен өнімдерді бірлесіп жасауға көшуге жаңа мүмкіндіктер ашады.
Тағы бір маңызды нәтиже — ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Гент университеті арасында өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуы болды. Меморандум жасанды интеллектінің, математикалық модельдеудің және инженерлік есептеулердің іргелі негізі ретінде математиканы дамытуға бағытталған. Келісімнің негізгі элементі Қазақстанда математика, жасанды интеллект, модельдеу және инженерлік есептеулер саласында айна зертханасын құру болмақ.
Зертхана ALEM.AI халықаралық жасанды интеллект орталығының базасында Гент университетінің Талдау және дифференциалдық теңдеулер орталығы мен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің Математика және математикалық модельдеу институтының бірлескен жобасы ретінде құрылатын болады.
Гент университеті тарапынан ғылыми үйлестіруші ретінде профессор Майкл Ружанский жұмыс істейді. Қазақстан тарапынан үйлестіруді Математика және математикалық модельдеу институтының бас директоры Махмұд Садыбеков жүзеге асырады.
— Айна зертханасы үлестірілген форматта жұмыс істеп, қазақстандық зерттеушілерге Гент университетінің ғылыми сараптамасына, әдіснамасына және бірлескен зерттеулеріне қол жеткізуге мүмкіндік береді. Мұндай модель тұрақты халықаралық зерттеу топтарын қалыптастыруға және ғылым мен индустрияның қажеттіліктеріне сәйкес ынтымақтастықты кеңейтуге жағдай жасайды.
Зертхананы құрумен қатар келісім академиялық алмасуларды, оның ішінде «Болашақ» бағдарламасы аясындағы мүмкіндіктерді, конференциялар, семинарлар, дәрістер мен қарқынды мектептер ұйымдастыруды, зерттеушілер мен студенттердің кәсіби дамуына арналған бағдарламаларды, сондай-ақ бірлескен зерттеу және стартап-жобаларды іске қосуды көздейді, — делінген министрлік хабарламасында.
Қол қою рәсіміне Премьер-министрдің орынбасары Жаслан Мәдиевтің қатысуы қол жеткізілген уағдаластықтардың ведомствоаралық сипатын және мемлекеттің іргелі ғылымды, жасанды интеллектіні және технологиялық кәсіпкерлікті интеграциялау бағытын айқындайды.
Қол жеткізілген келісімдерді іске асыруда Халықаралық ғылыми-техникалық орталықтың (ХҒТО, ISTC) рөлі ерекше. ХҒТО халықаралық ғылыми кооперацияны дамытуға, консорциумдар құруға, бірлескен жобаларды дайындауға және қазақстандық ұйымдардың еуропалық зерттеу және инновациялық құрылымдармен серіктестігін кеңейтуге қолдау көрсетеді.
ХҒТО-ның қатысуы халықаралық сараптаманы тарту, ғылыми дипломатияны дамыту және жасанды интеллект, стратегиялық материалдар, инженерлік технологиялар мен ғылыми кадрларды даярлау салаларындағы жаңа жобаларды қолдау арқылы келісімдердің практикалық іске асырылуын күшейтеді.
Қол қойылған келісімдер Қазақстан мен Еуропалық одақтың ғылым, инновациялар және жоғары технологиялар салаларындағы жақындасуының бірыңғай бағдарламасының бір бөлігі болмақ. Сапар барысында сондай-ақ Қазақстанның Horizon Europe бағдарламасына қауымдасуы, deep-tech бағыттарын дамыту, инженерлік білім беру, ғылыми зерттеулерді коммерцияландыру және халықаралық ғылыми ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Қазақстан жасанды интеллект ғылыми және технологиялық дамудың барлық кезеңдерінде — іргелі зерттеулерден бастап өнеркәсіпке енгізілетін шешімдерге дейін қолданылатын негізгі құралға айналатын экожүйені қалыптастырып келеді. KU Leuven, SIM², Гент университеті, «Astana Hub» және ХҒТО-мен орнатылған жаңа серіктестіктер еліміздің ғылыми әлеуетін нығайтудың институционалдық негізін қалыптастырып, қазақстандық ғалымдар мен инженерлердің Еуропалық зерттеу кеңістігіне қатысу мүмкіндіктерін кеңейтеді.
Айта кетелік Қазақстанда 100 киберқауіпсіздік маманын даярлау басталғаны туралы жазған едік.