Кездесуде адам саудасы мен заңсыз көші-қонға қарсы күресті күшейту мәселесі талқыланды. ҚР Ішкі істер министрі Ержан Сәденов мұндай қылмыстарды анықтаумен қатар, олардың алдын алу және зардап шеккендерді қорғау жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.
Қазақстан БҰҰ-ның Халықаралық көші-қон ұйымымен бірлесіп, адам саудасының құрбандарын анықтау жөніндегі іс-қимыл алгоритмін әзірлеп, бекіткен.
Кездесуде заңсыз көші-қонды ұйымдастыруда қолданылатын жаңа тәсілдерге де назар аударылды. Қылмыстық топтар мигранттарды заңдастыру үшін жалған жұмысқа орналастыру, тұрғылықты жері бойынша тіркеу және жалған шақыру жасау сияқты схемаларды пайдаланатыны айтылды.
— Мұндай схемалар көбіне бір елдің шегінен шығып кетеді, сондықтан оларға қарсы бірлесіп іс-қимыл жасау қажет, — деді Ержан Сәденов.
Осыған байланысты министр ТМҰ елдері арасында заңсыз көші-қон арналары, оларды ұйымдастырушылар мен тасымалдаушылар, сондай-ақ адам саудасының құрбандары туралы жедел ақпарат алмасуды тұрақты жолға қоюды ұсынды.
Сонымен қатар еңбек мигранттары арасында қанау белгілерін анықтауға бағытталған бірлескен іс-шаралар өткізуді ұсынды.
— Біздің ортақ міндетіміз — жекелеген фактілердің жолын кесумен ғана шектелмей, ұйымдастырушылар мен делдалдардан бастап, адамдарды тікелей қанаумен айналысатындарға дейінгі бүкіл тізбекті анықтау. Ең бастысы — зардап шеккендердің өздерін уақтылы анықтап, қорғау, — деді министр.
Еске салайық, биыл жыл басынан бері Мьянма, Камбоджа және Лаоста құлдықта болған еліміздің 17 азаматы қайтарылғаны жөнінде жазған едік.