Қазақстанда жанармай бағасына мониторинг күшейеді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда жанармай мен автогаз нарығы жіті бақылауға алынды, деп хабарлайды Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің баспасөз қызметі.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Марат Омаров жанар-жағармай материалдары нарығындағы жағдай бойынша агенттіктің орталық аппараты мен аумақтық департаменттері өкілдерінің қатысуымен кеңес өткізді.

Кеңес барысында агенттік төрағасы аумақтық департаменттерге мұнай жеткізушілердің, мұнай өнімдерін көтерме саудада өткізушілердің, сондай-ақ көлік жанармай құю станцияларының (АЖҚС) және автогаз құю станцияларының (АГҚС) баға саясатына мониторингті күшейтуді тапсырды.

— Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзу белгілері анықталған жағдайда департаменттерге монополияға қарсы ден қою шараларын қабылдау тапсырылды. Сонымен қатар, агенттік бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнама талаптарының бұзылуына жол бермеуге бағытталған іс-шаралар жоспарын әзірледі. Бұдан бөлек, өңірлік штабтардың қызметі аясында ведомствоаралық өзара іс-қимыл күшейтіледі, — делінген хабарламада.

Осыған дейін Маңғыстау облысында автогазға сұраныстың күрт артуы мен жеткізу мерзімінің ұзаруына байланысты бірқатар жанармай құю бекетінде кезек пайда болғанын жаздық.