Осы тарихи жетістікке орай WTA өзінің ресми әлеуметтік желілерінде қазақстандық теннисшіге арнайы жазба арнады. Қауымдастық Рыбакинаның жыл қорытындысы бойынша әлемнің бірінші ракеткасы атанған спортшыға табысталатын құрметті кубокпен түскен суретін жариялады.
— Әлемнің үздігі. Елена Рыбакина мансабында алғаш рет жыл қорытындысы бойынша WTA рейтингінің бірінші ракеткасы атанды! — делінген қауымдастықтың хабарламасында.
2026 жылғы маусым Елена Рыбакина мен қазақстандық теннис үшін тарихи кезең болды. Спортшының басты жетістіктерінің бірі АҚШ ашық чемпионатындағы (US Open) жеңісі еді. Қыркүйек айында өткен «Үлкен дулыға» турнирінің финалында Рыбакина Беларусь өкілі Арина Соболенконы жеңіп, мансабында алғаш рет Нью-Йорктегі жарыстың чемпионы атанды.
US Open турниріндегі табысты өнерінің арқасында қазақстандық теннисші 9901 рейтингтік ұпай жинап, алғаш рет WTA әлемдік рейтингінің көшін бастады. Осылайша, ол әйелдер арасындағы жекелей сында әлемнің бірінші ракеткасы атанған Қазақстанның тұңғыш өкілі болды.
Маусымның қорытынды кезеңінде Рыбакина әлемдік рейтингтегі көшбасшылық орнын сақтап, 2026 жылды бірінші орында аяқтайтынына кепілдік берді.
Бұл жетістік қазақстандық спортшының мансабындағы тағы бір маңызды белеске айналды. Бұған дейін Рыбакина жекелей сында «Үлкен дулыға» турнирін жеңіп алған Қазақстанның алғашқы өкілі ретінде отандық теннис тарихына енген болатын. 2022 жылы ол Уимблдон турнирінің чемпионы атанса, 2026 жылы өз жетістіктерін US Open турниріндегі жеңісімен толықтырды.
Еске салайық, бұған дейін жыл қорытындысы бойынша WTA рейтингісінде ТМД өкілдері алғаш рет ТОП-3-ке кіргенін хабарлағанбыз.