Қазақстанның бірінші, әлемнің 5-ракеткасы Елена Рыбакина Бейжің (Қытай) WTA 1000 турнирінің екінші айналымына шықты.
Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда әлемнің 23-ракеткасы, биылғы Азия ойындарының жеңімпазы, қытайлық Чжэн Циньвэньмен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда Рыбакина екі брейк жасап, оңай бітірді - 6:1.
Елена екінші сетте де сол қарқынынан танған жоқ - 6:2.
Бір сағат 1 минутқа созылған бәсеке барысында қазақстандық спортшы 3 эйс жасап, 7 брейк-пойнттың төртеуін пайдалана білді.
Елена Рыбакина екінші айналымда әлемнің 53-ракеткасы, германиялық Татьяна Мариямен кездеседі.
Қазақстанның жұптық сындағы бірінші ракеткасы Анна Данилина ресейлік Анастасия Пановамен бірге бразилиялық Беатрис Хаддад Майя - ресейлік Вероника Кудерметоваға жол берді - 4:6, 6:4, 7:10.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Бейжіңде әлемнің 30-ракеткасын жеңгенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Астана турнирінде жартылай финалға шыққан теннисшілер анықталды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).