АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның және әлемнің 1-ракеткасы Елена Рыбакина биылғы маусымда 68 матчта 438 эйске қол жеткізді. Осылайша, қазақстандық теннисші әлемде екінші жыл қатарынан эйс саны жөнінен үздік шықты.
Бұл эйс ханшайымы атанған Еленаның допты ойынға қосуы оның ең басты қаруларының бірі екендігін тағы бір дәлелдейді. Бұдан бөлек, Е.Рыбакина доп берген сәтте ең көп ұпай алған ойыншы атанды, яғни 64,3 пайызын өз есебіне жазды.
Қазақстандық теннисшінің доп берудегі артықшылығы матчтардағы ең шешуші сәттерде айқын көрінді. Биыл Елена чемпион атанған төрт титулды бәсекенің үшеуінде қарсыластары оның добын қабылдай алмады. Екі матч эйспен аяқталса, тағы біреуінде допты ойынға қосқан сәтінде чемпиондық ұпайды жеңіп алды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның жұптық сындағы жеңіс сериясы Чилиде жалғасқанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).