Қазақстандық теннисші Брисбен (Аустралия) WTA 500 турнирінде өзін қолдаған барша жанкүйерге ризашылығын білдірді.
«Баршаңызға, әсіресе, қазақстандық жанкүйерлерге мың алғыс. Сіздердің хабарламаларыңызды оқу, әлемнің түрлі елдерінде мінбелерден жанкүйерлерімді көру – маған ерекше қуаныш сыйлайды», - деп жазды Рыбакина Instagram желісіндегі парақшасында.
Елена Брисбен жарысының финалында әлемнің 2-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенконы жеңіп, WTA додаларындағы алтыншы титулына қол жеткізген болатын.
Қазақстандық үздік теннисші осы аптада Аделаиде (Аустралия) WTA 500 турнирінде бақ сынайды. Осы жарыстың 1-ракеткасы болып тіркелген Рыбакина екінші айналымда дүниежүзілік рейтингіде 61-орында тұрған испаниялық Кристина Бучамен шеберлік байқасады. Ол бүгін алғашқы айналымда әлемнің 30-ракеткасы, италиялық Ясмина Паолиниді 6:3, 6:3 есебімен қапы қалдырды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын WTA-ның жаңартылған рейтингінде Елена Рыбакинаның 3, Анна Данилинаның 44-орынға көтерілгенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Александр Бублик әлемдік рейтингіде ТОП-30-ға жақындады.