МАДРИД. KAZINFORM - Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина Мадрид WTA 1000 турнирінің төртінші айналымына өтті.
Қазақстанның көшбасшы теннисшісі үшінші айналымда дүниежүзілік рейтингіде 72-орында тұрған мысырлық Майар Шерифтің шамасын байқап көрді.
Бірінші партияда Рыбакина 5:0 есебімен алға кетті. Ақыры айқын басымдықпен бітірді - 6:1.
Елена екінші сетте 3:1 есебімен алға шығып, сол қарқынынан танған жоқ - 6:4.
Сағат жарымға созылған матчта Рыбакина 1 эйспен бірге 13 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды.
Елена Рыбакина ширек финалға шығу үшін рейтингіде 136-сатыдағы чехиялық, 18 жастағы Сара Бейлекпен таласады. Ол үшінші айналымда әлемнің 70-ракеткасы, америкалық Эшлин Крюгерді ойсырата ұтты - 6:3, 6:1.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Тунистегі турнирдің жеңімпазы атанғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Заңғар Нұрланұлы Түркиядағы жарыста үздік атанды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).