АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның бірінші, әлемнің 3-ракеткасы Елена Рыбакина өткен жылғы шілде айынан бергі кезеңде үздік нәтижеге қол жеткізді.
OptaAce сайтынан мәлім еткеніндей, қазақстандық теннисші осы мерзімде WTA жарыстарында барлығы 41 матчты жеңіспен тәмамдаған.
Бұл жөнінен Е.Рыбакина басқалардан қара үзіп кетті.
Әлемнің екінші ракеткасы, Польша өкілі Ига Швентек, рейтингіде бесінші сатыдағы америкалық Джессика Пегула, сондай-ақ канадалық Виктория Мбоко, румыниялық Сорана Кырстяның еншісінде 31 жеңістен бар.
Бүгін түнде Елена Рыбакина әлемнің 43-ракеткасы, америкалық Хейли Баптисті 7:6 (7:5), 2:6, 6:2 есебімен ұтып, Индиан-Уэллс мастерс турнирінің үшінші айналымына жолдама алды. Қазірдің өзінде ол осы жарыста 61 865 АҚШ доллары көлемінде табыс тауып, 65 рейтингілік ұпайға ие болды. Бірақ өткен жылғы ұпайын қорғау үшін кемінде төртінші айналымға дейін жетуі қажет.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Индиан-Уэллс турнирінде Анна Данилинаның келесі айналымға өткенін жазған едік.
Сонымен қатар Индиан-Уэллс турнирінде Елена Рыбакина жарыс жолын жалғастырады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).