Елена Рыбакина жеңісті жолын Дохада жалғастыра ала ма
АСТАНА. KAZINFORM — Қатарда 8-14 ақпан аралығында Доха WTA 1000 турнирі өтеді.
Айтулы жарыста Қазақстанның бірінші, әлемнің 3-ракеткасы Елена Рыбакина бақ сынайды.
Жарыстың 2-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші доданы екінші айналымнан бастайды. Ол әлемнің 33-ракеткасы, қытайлық Ван Синьюй немесе рейтингіде 46-орындағы колумбиялық Эмилиана Арангоның қай жеңгенімен кездеседі.
Дохадағы жүлде қоры 4 млн 88,211 мың АҚШ долларына бағаланған. Жеңімпаз 665 мың долларға қоса 1 мың рейтингілік ұпайға ие болады.
Өткен жылы мұнда әлемнің 4-ракеткасы, америкалық Аманда Анисимова үздік шыққан болатын. Ол финалда латвиялық Елена Остапенконы 6:4, 6:3 есебімен жеңген еді.
Биыл әлемдік рейтингіде екінші орында тұрған Польша өкілі Ига Швентек турнирдің 1-ракеткасы ретінде сынға түседі. Өткен жылы Е.Рыбакина ширек финалда И.Швентектен 2:6, 5:7 есебімен ұтылып қалған. Бұл жолы екеуі де жарыс фавориттері ретінде қарастырылып отыр. Олар бәрі сәтті болса, тек финалда жолдары түйіседі. Осыған дейін қарсыластар 12 рет кездескен. Есеп тең — 6:6. Дегенмен соңғы екі ойында қазақстандық теннисші басым түскен. Өткен жылдың қорытынды турнирі мен биылғы Аустралия ашық чемпионатында Е.Рыбакина мықтылығын дәлелдеген.
Аустралия чемпионатындағы титулынан кейін Е.Рыбакина жеңісті жолын жалғастыра ала ма, оны осы Доха корты көрсетеді.
Қазақстанның ерлер арасында бірінші, әлемнің 10-ракеткасы Александр Бублик 9-15 ақпан аралығында өтетін Роттердам (Нидерланд) ATP 500 турнирінде ойнайды. Оның алғашқы қарсыласы осал емес, әлемнің 52-ракеткасы, поляк Хуберт Хуркач.
Бұл жарыстың да жүлде қоры қомақты — 2 млн 462 мың 660 еуро.
Өткен жылғы чемпион, әлемнің 1-ракеткасы, испаниялық, Аустралия ашық чемпионатының биылғы жеңімпазы Карлос Алькарас бұл жолы қатыспайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Дэвис кубогында Қазақстанның Монако құрамасына есе жібергенін жазған едік.