Елена Рыбакина жылдың алғашқы турнирінің ширек финалына шықты

Фото: ҚТФ

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 5-ракеткасы Елена Рыбакина Брисбен (Аустралия) WTA 500 турнирінің ширек финалына өтті.

Жарыстың 3-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші үшінші айналымда рейтингіде 25-орында тұрған испаниялық Паула Бадосамен бетпе-бет келді. Қарсыластар осыған дейін өзара сегіз рет кездесіп, төрт-төрттен жеңіске жеткен еді. Соңғы үш ойында Рыбакина ұтқан болатын.

Бұл жолы бірінші партияда 2:0 есебімен Бадоса алға шыққанымен, Рыбакина таразы басын теңестіріп қана қоймай, брейкпен тәмамдай алды – 6:3.
Екінші сетті қазақстандық теннисші қарқынды бастады – 3:0. Бадосаның қателігін мүлт жібермеген Елена матчты тағы бір брейкпен түйіндеді – 6:2.

Бір сағат 23 минутқа созылған бәсекеде Рыбакина 3 эйспен бірге 8 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Бадоса 6 эйс, 1 брейкпен (4 брейк-пойнт) көзге түсті.

Елена Рыбакина жартылай финалға шығу үшін әлемнің 10-ракеткасы, ресейлік Екатерина Александрова немесе рейтингіде 20-сатыдағы чехиялық Каролина Мухованың қай жеңгенімен таласады. 

Бұдан екі жыл бұрын Е.Рыбакинаның осы додада чемпион атанғаны белгілі. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Брисбен турнирінің жартылай финалына жолдама алғанын жазған едік.  Сондай-ақ Елена Рыбакина Брисбен турнирінің үшінші айналымына өтті.

Тимофей Скатов Үндістандағы жарыстың ширек финалына шықты.