АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 2-ракеткасы Елена Рыбакинаның Берлин (Германия) WTA 500 турнирінде кіммен кездесетіні белгілі болды.
Жарысты екінші айналымнан бастайтын қазақстандық теннисші рейтингіде 35-орындағы филиппиндік Александра Эаламен шеберлік байқасады.
А.Эала алғашқы айналымда әлемнің 33-ракеткасы, мұның алдында Лондондағы осындай додада жеңімпаз атанған хорватиялық Донна Векичтің меселін қайырды – 7:5, 6:4.
Е.Рыбакина мен А.Эаланың матчы 18 маусымға белгіленген.
Қазақстандық теннисші 10 мамырда Рим (Италия) WTA 1000 турнирінде 21 жастағы филиппиндік спортшыны 6:4, 6:3 есебімен жеңген болатын.
Өткен жылы Берлинде әлемнің 49-ракеткасы, чехиялық Маркета Вондроушова үздік шыққан еді. Алайда биыл ол жарақатына байланысты қатыса алмады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Соня Жиенбаеваның жұптық сында Қытайдағы турнирдің ширек финалына шыққанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).