НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Уимблдон чемпионы Елена Рыбакина Алматыдағы кездесуін кейінге қалдырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткендей, Елена Рыбакина Алматыға баруды бүгінге жоспарлап еді.
«Қымбатты алматылықтар! Уимблдондағы жеңістен кейінгі қуанышты бөлісу үшін бүгін сіздерге жетемін бе деп ойлап едім. Өкінішке қарай, соңғы күндердегі шаршағандық пен жүйкеге түскен салмақ жоспарымды өзгертіп жіберді. Толық қалпыма келу үшін үзіліс алуға тура келді. Сіздің тамаша қалаңызға келесі жолы міндетті түрде барамын. Түсіністік танытып, қолдау көрсеткендеріңіз үшін алғыс айтамын», - деді Е. Рыбакина.
Елена кеше елордада болып, бірнеше кездесу өткізген еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Будапешт турнирін жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).