НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 25-ракеткасы Елена Рыбакина Цинциннати (АҚШ) WTA 1000 турнирінің үшінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің 9-ракеткасы, «Үлкен дулыға» жарыстарының (Ролан Гаррос - 2016, Уимблдон - 2017) екі дүркін чемпионы, испаниялық Гарбинье Мугурусамен шеберлік байқасты.
Қарсыластар осыған дейін екі рет кездесіп, бір-бірден жеңіске жеткен еді.
Бұл жолы Уимблдон додасының биылғы жеңімпазы Е.Рыбакина бірінші партияда 5:1 есебімен алға кетті. Г.Мугуруса бір брейк жасағанымен, Елена сетті өз пайдасына шешті - 6:3.
Екінші партияда да Рыбакина 3:1 есебімен алға шықты. Тағы бір брейк - 4:1. Ақыры матчты тағы бір брейкпен тәмамдады - 6:1.
Елена Рыбакина үшінші айналымда әлемнің 29-ракеткасы, америкалық Элисон Рискемен кортқа шығады. Жуырда дәл осындай Торонто турнирінде Э.Рискені Юлия Путинцева ұтқан еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Дэвис кубогінде Қазақстанмен ойнайтын командалардың құрамы анықталғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Қазақстанда алғаш рет мүгедек арбасындағы теннистен ел чемпионаты өтеді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).