Елена Рыбакина Доха турниріне қатыспайтын болды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 10-ракеткасы Елена Рыбакина 13-18 ақпанда Катар астанасы Дохада өтетін Qatar Open турниріне қатыспайтын болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші қазіргі кезде әлемдік рейтингте 10-орында тұрғанымен, Қатар жарысы одан бұрын жоспарланғандықтан, доданы іріктеу сайысынан бастауы тиіс еді.

Е.Рыбакинаның аталмыш турнирге қатыспайтыны туралы журналист Реем Абуллель Твиттердегі парақшасында жазды.

Журналист Еленаның: «Өкінішке қарай, Дохаға бармаймын. Келесі жылы оған оралуды асыға күтемін, бұл жолы онда болмаймын. Кестеге сәйкес бұлай саяхаттай беру оңай емес. Мен шынында да Мельбурнда жақсы ойнадым. Сондықтан алдағы аптада жай демалып, келесі турнирге дайындаламын», деген сөзін келтірген.

Қазіргі таңда Е.Рыбакина Әбу-Даби WTA жарысында өнер көрсетуде. Бүгін ол кешкісін әлемнің 14-ракеткасы, бразилиялық Беатрис Хаддад Майямен жартылай финал жолдамасын сарапқа салады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық жас теннисшілердің әлемдік рейтингте орындарын жақсартқанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Елена Рыбакина Әбу-Даби турнирінің ширек финалына шықты.

Юлия Путинцева Әбу-Даби турнирінің ширек финалына шыға алмады.

Дэвис кубогінде Қазақстан құрамасы сырт алаңда Болгариямен кездеседі.

Фото – Қазақстан теннис федерациясы