НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Уимблдон чемпионы Елена Рыбакина турнирдегі жеңісі үшін берілетін Қазақстан теннис федерациясының сыйақысын алудан бас тартты. Бұл туралы федерация вице-президенті Юрий Польский мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Айтуынша, федерация теннисшіні қаржылай қолдағысы келген. Алайда, ол бұдан бас тартып, қаржыны қайырымдылыққа және Қазақстанның жас теннисшілерін қолдауға жұмсағысы келетінін жеткізді.
«Федерацияға қазірдің өзінде өз балаларын тенниске бергісі келетін ата-аналардан өтініш көптеп түсіп жатыр. Елде үлкен серпіліс пайда болды. Бұл теннистің жаңа қарқынмен дамуына жол ашпақ», - деді Ю. Польский.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Болат Өтемұратовтың Елена Рыбакинаның жарқын жеңістері алда екені туралы айтқанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ, Елена Рыбакина үйге - Қазақстанға қайтатынын жеткізді .
Фото: wimbledon.com
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).