НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 23-ракеткасы Елена Рыбакина Сан-Хосе WTA-500 турнирінің екінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл қазақстандық теннисшінің Уимблдон чемпионы атанғаннан кейінгі алғашқы матчы еді.
Оның қарсыласы, әлемнің 12-інші, осы жарыстың 7-ракеткасы, ресейлік Дарья Касаткина да осал емес. Осыған дейін өзара екі мәрте кездесіп, бір-бірден жеңіске жеткен еді.
Е.Рыбакина матчты сәтті бастап, екі брейкпен бірінші партияны алды – 6:1.
Алайда екінші сетте Д.Касаткина 5:1 есебімен алға кетті. Бұдан кейін Е.Рыбакина брейк жасағанымен, сол қарқынын әрі қарай жалғастыра алмады – 2:6.
Үшінші, шешуші партияда Д.Касаткина еш мүмкіндік бермеді – 6:0.
Жүлде қоры 757 мың АҚШ долларынан асатын доданың екінші айналымында Д.Касаткина америкалық Тейлор Таунсендпен шеберлік байқасады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннисші Анна Данилинаның әлемдік рейтингіде 19-орынға көтерілгенін, теннистен әлем чемпионатында Қазақстан жасөспірімдер құрамасының Эквадорға жол бергенін жазған болатынбыз.
Фото: ktf.kz
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).