АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 7-ракеткасы Елена Рыбакина Германияның Штутгарт қаласында WTA 500 турнирін жеңіспен бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстанның көшбасшы теннисшісі бастапқы кездесуін дүниежүзілік рейтингіде 65-орында тұрған германиялық Юле Нимайермен өткізді.
Қарсыластардың бұған дейін өзара жолдары тоқайласпаған еді.
Елена Рыбакина бір жарым сағатқа созылған матчта 7:5, 6:3 есебімен жеңіске жетті.
Қазақстандық спортшы 9 эйс жасап, 5 брейк-пойнттың үшеуін өз есебіне жазды. Қарсыласы 2 эйс, 1 брейкпен (6 брейк-пойнт) көзге түсті.
Е. Рыбакина ширек финалға шығу үшін әлемнің 14-ракеткасы, бразилиялық Беатрис Хаддад Майямен таласады.
Жүлде қоры 780 637 АҚШ долларына бағаланған жарыс 23 сәуірде мәреге жетеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Штутгарт турниріндегі қарсыласы анықталғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).