Елена Рыбакина Уимблдон турнирінің үшінші айналымына өтті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 20-ракеткасы Елена Рыбакина Уимблдон турнирінің үшінші айналымына өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осы «Үлкен дулыға» додасының 18-ракеткасы болып тіркелген Е.Рыбакина екінші айналымда рейтингте 120-сатыда тұрған америкалық Клэр Льюмен шеберлік байқасты.

Қазақстандық теннисші 1 сағат 22 минутқа созылған матчта 6:4, 6:4 есебімен жеңіске жетті.

Бәсеке барысында Е.Рыбакина 7 эйс жасап, үш брейк-пойнтты түгелдей пайдаланды. Қарсыласы 5 эйс, 1 брейкпен шектелді.

Е.Рыбакина төртінші айналымға шығу үшін әлемнің 18-інші, осы жарыстың 15-ракеткасы, грекиялық Мария Саккари немесе рейтингте 46-сатыдағы америкалық Шелби Роджерстің біреуімен таласады.

Осылайша 22 жастағы Рыбакина өз спорттық жолында алғаш рет Уимблдон турнирінің үшінші айналымына шығып отыр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның екінші айналымға шыққанын, ал Зарина Диястың жеңіліп қалғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Александр Бублик алғаш рет Уимблдон турнирінің екінші айналымына шықты.