АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 3-ракеткасы Елена Рыбакинаның Истборн (Ұлыбритания) WTA 500 турниріндегі қарсыласы анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші Ұлыбритания ашық чемпионаты (Уимблдон) қарсаңында өтетін жарыстың бірінші ракеткасы болып тіркелген.
Е.Рыбакина алғашқы айналымда іріктеу сайысы жеңімпаздарының бірі, дүниежүзілік рейтингте 75-орында тұрған қытайлық Сю Ванмен шеберлік байқасады.
Тағы бір қазақстандық Юлия Путинцева іріктеу сайысында ұлыбританиялық Хитер Уотсонға жол берді.
Жүлде қоры 780 637 АҚШ долларына бағаланған Истбурн додасы 26 маусым – 1 шілде аралығында өтеді.
Өткен жылы бұл жарыста Е.Рыбакина екінші, Ю.Путинцева үшінші айналымнан аса алмаған еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің алғаш рет ірі жарыстың жеңімпазы атанғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Александр Бублик әлемдік рейтингте рекордтық көрсеткішке қол жеткізді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).