Елімізде 1 аптада 3 339 қылмыс жасалды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Өткен аптада еліміздің аумағында 3 339 қылмыс жасалды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның атап өтуінше, бір апта ішінде 3 339 қылмыс жасалды, оның 2 134-і тәулік ішінде ашылды.

«Полиция қызметкерлері «ізін суытпай» 9 кісі өлтіруді, 4 өлімге әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіруді, 2 қарақшылық, 32 тонау және 508 бөтен мүлікті ұрлау қылмыстарын ашты», - деді Нұрділдә Ораз.

Ресми өкілдің дерегінше, өткен демалыс күндері еліміздің аумағында 27 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Соның салдарынан 5 адам қаза тауып, 22 адам түрлі дене жарақатын алды.