«Балаларды ерте жастан дамытудың мамандары жоқтың қасы. Мектепке дейінгі оқытуға маманданған жоғары білімі бар педагогтарының үлесі 20 пайыздан сәл ғана асады. Біз келер жылы балаларды ерте оқыту жөнінде ереже әзірлеуді жоспарлап отырмыз. Жаңа жүйе арқылы тоғыз мың педагог үш жасқа дейінгі балалармен жұмыс істеу бойынша біліктілікті арттыру курсынан өтеді. Сөйтіп, балаларды ерте дамыту бойынша педагогтар үлесі кемінде отыз пайызға жеткіземіз», - дейді А. Сәрінжіпов.
Тоқтала кететін жайт, министрліктің таратқан мәліметіне қарағанда, елімізде «Балапан» бағдарламасы аясында 3-6 жас аралығындағы балаларды қамту бойынша жоспар алдын ала орындалып 71,5 пайызға жеткен. Мектепке дейінгі ұйымдардың саны соңғы 3 жыл ішінде 2 есеге артып, оның ішінде жекеменшік балабақшалар саны 1,7 есеге өсті. Алайда соған қарамастан 2013 жылдың алғашқы жартыжылдығында балабақшада кезек күткендер саны 51,9 мыңға немесе 12,7 пайызға көбейген.