Елімізде дағдарыс орталықтары мен медициналық айықтырғыштар жетіспейді – ІІМ

АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталықтары мен мас тұрғындарды ұстайтын орындар жетіспейтінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кеше Үкімет отырысында елімізде дағдарыс орталықтарының жеткіліксіздігі мәселесін көтердім. Себебі зорлық-зомбылық құрбандарының баратын басқа жері жоқ. Сондай-ақ дағдарыс орталықтары 1 күндік мекен ғана емес, онда тиісті жағдай жасалуы тиіс. Сондықтан біз аталған мәселені кеңінен қарастырамыз.

Сонымен қатар бізде медициналық айықтырғыштар жетіспейді. Аталған орын агрессорды бөлек ұстау үшін қажет. Өйткені айыптыны бөлек қамамаса, ол осыған дейін жасағанын жалғастыруы мүмкін», - деді Марат Ахметжанов.

Министрдің айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа алып келетін тағы себеп, отбасының әлеуметтік жағдайы.

«Жұмыссыздық, отбасы табысының жетіспеуінен дау туындап жатады. Оның арты ұрыс-керіс, зорлық-зомбылыққа алып келіп жататын жайттар бар. Сол себепті бұл мәселе кешенді шешімді қажет етеді. Дегенмен мәселенің заңды қатаңдату арқылы шешілмейтінін ұмытпау керек. Себебі проблеманың тамыры тереңде жатыр», - дейді ол.

Айта кетсек, қазір Астанада тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелеріне арналған құқықтық форум өтіп жатыр.

Аталған шараға Сенат пен Мәжіліс депутаттары, Ішкі істер министрі, Әділет министрі, Ақпарат және қоғамдық даму министрі, Бас прокурордың орынбасары және азаматтық қоғамдық ұйымдар өкілдері қатысуда.