«Ел аумағында 82 облыстық, қалалық және аудандық психологиялық медициналық-педагогикалық комиссия, психологиялық-педагогикалық сүйемелдеудің 207 кабинеті, 14 оңалту орталығы, 98 арнайы мектеп, 38 арнайы балабақша, инклюзияны қолдаудың 400-ден астам кабинеті қызмет етіп жатыр», - делінген ведомство ақпаратында.
Ерекше балаларды қолдаудағы мәселелердің бірі білім алу үшін арнайы жағдайды құруға байланысты.
Атап айтқанда, ерекше білім беру қажеттіліктері барлар үшін арнайы жағдай 2972 (38,2 пайыз) мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымда және 4426 (59,4 пайыз) жалпы білім беру метебінде қарастырылған.
2021 жылдан бастап заңнамалық деңгейде ерекше білім беру қажеттігі бар балалардың даму ерекшеліктері мен әлеуетті мүмкіндіктеріне сәйкес оқу бағдарламаларын бейімдеу бойынша норма бекітілді.
Маңызды талаптардың бірі баланы жалпы білім беру ортасына қосқан кезде лайықты деңгейде сүйемелдеу болып отыр.
Министрлік бұйрығымен (2013 жылғы ақпандағы № 50 бұйрық) білім беруді ұйымдастыру Номенклатурасына инклюзияны қолдау кабинеттері қосылды.
«Қамқорлық» жол картасы аясында 2020 жылы Атырау, Алматы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Түркістан облыстарында және Нұр-Сұлтан қаласындағы жалпы білім беру мектептерінде инклюзияны қолдаудың 16 кабинеті ашылды.
Бұдан бөлек, жергілікті бюджет пен мемлекеттік-жекешелік серіктестік аясында былтыр білім беру ұйымдарында ерекше білім беру қажеттіліктері бар 2 889 баланы қамтитын инклюзияны қолдаудың 332 кабинеті ашылды. Аталған кабинеттерде 396 арнайы педагог, 55 мұғалім, 189 психолог, 443 педагог-ассистент жұмыс істеп жатыр.
«Қазіргі кезде инклюзияны қолдаудың 400 кабинеті қызмет етіп жатыр, оның ішінде 68-і 2021 жылы ашылды. Оларда психологиялық-педагогикалық қолдаумен 3666 бала қамтылған. Сонымен қатар 370 арнайы педогог, 313 психолог, 596 педагог-ассистент жұмыс істеп жатыр», - делінген Білім министрлігі мәліметінде.
Мұнымен қоса, тағы 525 педагог-ассистент мектептерде оқыту-тәрбиелеу процесі кезінде ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды сүйемелдейді. Педагог-ассистенттерді мектепке дейінгі ұйымдардың сабақ кестесіне қосу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
Биыл қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инклюзивті білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңында ерекше білім
берілуіне қажеттілігі бар балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдауға мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша нормалар бекітілді.
Мемлекеттік тапсырыс 2022 жылдың 1 қыркүйегінен бастап іске асырылады.
Сонымен қатар бұл сала бойынша білім туралы заңнамада да тиісті талаптар қарастырылған.
Заңнамалық деңгейде білім беру ұйымдарында психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу қызметтерін құру бойынша норма бекітілген.
Атап айтқанда, министрлік басқа да орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен бірлесе аталған саладағы жаңа нормаларды, сондай-ақ білім алу үшін арнайы жағдайды жасау тәртібін түсіндіру бойынша кең ауқымды іс-шараларды қабылдады.
Қазіргі уақытта министрлік орта білімді модернизациялау жобасын іске асырып жатыр. Жобаның инклюзивті білім беруді қолдау бойынша бағыты аясында ерекше білім беру қажеттігі бар балалармен жұмыс істеу үшін педагогтар мен мемлекеттік ұйымдардың мамандарын оқыту жоспарланған.
Бұл өз кезегінде елдің әр өңірін аталған салада халықаралық әдіснаманы игерген білікті кадрлармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл қадамдарды жүзеге асыру 2022 жылға жоспарланған.