Елімізде қандай киелі орындар бар екенін көпшілік енді біліп жатыр - Берік Әбдіғалиұлы

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Берік Әбдіғалиұлы тарихи және киелі орындардағы инфрақұрылымды дамыту туралы ойымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бізде қазіргі уақытта әсіресе аймақтарда ауқымды жұмыстар тұр. Нысандар қалпына келтірілгендіктен, адамдардың оларға қызығушылығы да артып келеді. Жалпы, біздің халық ежелден-ақ киелі орындарға барып, тәу етіп жүреді. Бірақ, қазіргі уақытта еліміздің түкпір-түкпірінде қандай киелі орындар бар екенін көпшілік енді ғана біліп жатыр. Адамдардың осы орындарға деген қызығушылығы ерекше. Себебі, тарихи және киелі орындардан бөлек, қаншама қорықтарымыз бар. Ол орындар туралы ақпараттық материалдар мен ескі аңыздар, қызықты роликтер жарияланып жатыр. Әлеуметтік желіні ашып қалсаңыз, киелі орындар туралы қаншама ақпарат бар. Қаншама экспедициялар ұйымдастырылды. Міне, осы жұмыстардың бәрі де киелі қазынамызды халыққа паш етті. Киелі орындар арқылы біз өз тарихымызды танып жатырмыз», - деді Берік Әбдіғалиұлы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссия отырысында.

Оның айтуына қарағанда, бұл бағыттағы негізгі жұмыстар әсіресе облыстарда жан-жақты қолға алынған.

«Нұр-Сұлтан қаласында негізінен біздің сарапшылық-әдістемелік сипаттағы жұмыстарымыз жүргізіледі. Негізгі жұмыстың шоғыры - өңірлерде. Жолдар қалпына келтіріліп, нысандар жаңғыруда. Визит-орталықтар бой көтеруде. Кәсіпкерлердің қолымен тұрғызылған нысандар баршылық. Адамдар түнде қонуға келетін орындар аз емес. Міне, сол жерлерге қонақ үйлер салынады. Осы жұмыстардың бәрі де қайырымдылық аясында атқарылып жатыр. Осындай туризмнің пайдасы ол. Бұл шағын және орта бизнестің де өркендеуіне жол ашады», - дейді ол.

Берік Әбдіғалиұлы жыл соңына дейін үш визит-орталықтың бой көтеретінін атап өтті.

«Биыл «Ұлытау», «Отырар» және «Тамғалы» визит-орталықтары салынады. Осы орталықтардың арқасында туристердің шоғыры да көбейер деген сенім бар. Бұрын туристер ол өңірлерге барған кезде тамақтанып, қона да алмайтын. Ендігі кезекте, ондай мүмкіндіктер ашылып отыр. Шынтуайтында, бұл визит-орталықтар толыққанды ақпараттары бар шағын музей іспеттес болады. Бұл аталған үшеуі - республикалық деңгейдегі ең үлкен визит-орталықтар. Облыстарда шағындары да бар. Әсіресе, бұған келгенде инфрақұрылымның бой көтеруіне ерекше үлес қосып жатқан кәсіпкерлердің жұмысына ерекше көңіл толады», - дейді спикер.

Еске сала кетсек, бүгін Ақордада Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссия отырысы өтті.