Елімізде мас болып отбасында жанжал шығаратындарды оқшаулау мәселесі шешілмей отыр

АСТАНА. ҚазАқпарат – Елімізге 594 орынға арналған 32 медициналық айықтырғыш мекемесі қажет. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тек зорлық-зомбылық құрбандарымен ғана емес, құқық бұзушылармен де қайта оңалту жұмыстарын жүргізу қажет. Осыған байланысты Сізден Денсаулық сақтау министрлігіне психотүзету курстарын қолдану алгоритімін әзірлеп, тиісті маман дайындау жұмыстарын ұйымдастыруды тапсыруды сұраймын», - деді министр Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа қарата.

Оның атап өтуінше, күнделікті өмірдегі қылмыстардың көбі мас күйде жасалады. Бірақ, «мас жанжалқойларды» оқшаулау мәселесі әлі шешілген жоқ.

«Еліміз бойынша 778 орынға арналған 35 уақытша медициналық айықтырғыш жұмыс істейді. Мысалы, Өскеменде 20 төсек-орынға арналған бір ғана мекеме жұмыс істеп тұр. Ал полицейлер жеткізген 7 мың құқық бұзушының 5 мыңы ғана сол жерге орналастырылған. Сол сияқты Павлодарда 24 төсек-орны бар бір ғана мекеме бар. Көкшетауда мүлде жоқ. Жалпы еліміз бойынша 594 орынға арналған тағы 32 мекеме қажет», - деді Марат Ахметжанов.