Елімізде түрі өзгертілген ойын автоматтары қоғамдық орындарда заңсыз орнатылады - ҚР ІІМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда түрлі сауда, ойын-сауық және қоғамдық орындарда ұтысқа қолма қол ақша беретін ойын автоматтары заңсыз орнатылады.

Бұл жайында ҚазАқпараттың ресми сауалына орай ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда еліміздің «Ойын бизнесі туралы» заңына сәйкес ірі елді мекендердегі адам тұрмайтын үй-жайларда ойын автоматтарын орналастыруға рұқсат берілген. Ал букмекерлік кеңселерде, адам тұратын үй-жайларда спорттық тотализаторларды орнатуға жоғарыда аталған заңға сәйкес шектеу қойылған.

«Бұл саладағы проблемалық мәселелердің бірі ойын автоматтарының қожайындары ойын-сауық қызметтерін ұйымдастыру желеуімен ұтыс болған жағдайда қолма қол ақша беретін түрі өзгертілген ойын автоматтарын орнатуында болып отыр», - делінген ресми жауапта.

ҚР ІІМ ақпаратына қарағанда, бүгінгі күні «Бинго-лото» электронды лотерея терминалдарында орнатылған онлайн ойындар кеңінен таралған. Аталған аппараттар интернетке қосылған және шынайы режімде құмар ойындарын өткізуге бейімделіп жасалған. Ал бұл ҚР Қылмыстық кодексінің 307 бабында қарастырылған қылмыстық жауапкершілікке себеп бола алады.