«Заң жобасын қабылдау жаңартылатын энергия көздерін белсенді енгізуге, қызмет көрсетудің жаңа саласын дамытуға, жаңа жұмыс орындарын құруға, желілік инфрақұрылымды одан әрі эволюциялық дамыту және елдің энергетикалық секторына инвестиция тартуға ықпал етеді», - деді Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов.
Осы орайда ол жаңартылатын энергия көздерін дамытуға не кедергі келтіріп тұрған айтты.
«Бұл тұрғыда бірінші кезекте қаржы жағынан қолдаудың жеткіліксіз болуы әсер етіп отыр. Бүгінде ЖЭК саласында пайдаланылатын қондырғылар бұрынғысынша айтарлықтай қымбатқа түседі. Мемлекеттің қаржылай қолдауынсыз халықтың пайдалануына шағын ЖЭК жобаларын іске асыру кеңінен таралмайды. Қолданыстағы жаңартылатын энергия көздерін қолдау туралы заңда жеке тұтынушыларға атаулы көмек көрсету тетігі іс жүзінде жұмыс істемейді», - деді депутат.
Сонымен қатар ол желілерге қосылу рәсімі күрделі екенін және көп уақыт қажет ететінін жеткізді. Қолданыстағы заңнамада біршама қарама-қайшы және күрделі рәсімдер қарастырылған.
«Бұдан бөлек, шағын және орта бизнесті қолдау қадамдары жеткіліксіз болып тұр. Жаңартылатын энергия көздерін енгізу үшін бұл бизнес субъектілерін тікелей немесе жанама қаржылай ынталандыру тетіктері қарастырылмаған», - деді Д. Тұрғанов.
Заң жобасы аясында шағын жаңартылатын энергия көздерінің иелерін жеке кәсіпкер ретінде тіркелу міндетінен босату ұсынылып отыр. Мұнымен қоса, бұл салада атаулы көмек тетігін кеңейту ескерілген. Жаңартылатын энергия қондырғысына қатысты шектеуші талаптарды жою ұсынылды.
«Жаңартылатын энергия көздері нысандарын, оның ішінде шағын нысандарды салуға және пайдалануға арналған тауарлар бойынша кеден алымын төлеуден босату ұсынылады. Бұл тәсіл жаңартылатын энергия секторын дамыту үшін экономикалық ынталандыруды қамтамасыз етеді және жаңартылатын энергия көздері нысандарының құрылысын жоспарлап отырғандардың шығындарын азайтады», - деді депутат.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 2026 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің 50-ден астам нысаны іске қосылады.