Еліміздегі ЖОО-ларда коммерцияландыру кеңселері ашылады - А.Сәрінжіпов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміздің бірқатар жоғары оқу орындарында коммерцияландыру кеңселері ашылады. Бұл туралы бүгін Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов мәлім етті.

«Университеттердің әлеуетін арттыру үшін, соның ішінде Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасымен интеграцияланған жоғары оқу орындарында коммерцияландыру кеңселері ашылады. Бұл үшін ондай жоғары оқу орындарының әрқайсысында ғылыми зерттеулерді, дайындамаларды нарыққа шығарумен айналысатын арнайы мамандар командасы оқытылатын болады. Бұнда университет ғалымдары мен профессорлары да технологияларға, коммерцияландыру ісіне, сондай-ақ оларды енгізу тетіктеріне оқытылатын болады», - деді А.Сәрінжіпов. Оның айтуынша, мемелкеттік қолдау шараларының тиімділігін талдау мақсатында, ақпаратты жинақтаумен айналысатын сараптамалық-үйлестіру орталығы құрылады. Бұл орталық ведомствоаралық үйлестіруді қамтамасыз ете отырып, ұлттық деңгейдегі барлық жүйемен жұмыс жасайды. Еске салайық, жалпы отырыста «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық қайта құру және даму банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Өнімді инновацияларды ынталандыру жобасы) ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданған болатын.