«Жалпы, департаменттің қызмет көрсету аумағындағы қылмыстық ахуал мен жедел жағдай тұрақты. Оған қылмыс пен құқық бұзушылыққа қарсы бағытталған ұйымдастырушылық және алдын алу шараларын жүйелі жүргізу ісі барынша септігін тигізуде», - деді Талғат Жүкенұлы.
Сондай-ақ, полиция полковнигі Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қылмысқа қарсы күресті күшейту және қоғамдық қауіпсіздікті нығайту бойынша берген тапсырмаларына сәйкес мақсатты бағытталған іс-шаралардың әрі қарай жүзеге асырылып отырғандығын атап өтті. Бұл ретте, өзінің қызмет көрсету аумағы болып саналатын жолаушылар пойыздарында, вокзалдар мен әуе көлігі нысандарында темірдей тәртіп орнату, кез келген құқық бұзушылықтың алдын алуды күшейту бұл елімізідің көлік сақшыларының басты міндеттері болып қала бермек.
Бүгінгі күні есірткі айналымы, қозғалыс құрамдарынан жүктерді ұрлау мен тонау сынды қылмыстармен күрес, тіпті ұсақ құқық бұзушылықтардың алдын алу ең өзекті мәселеге айналып отыр. Сондықтан қылмысты құрықтау ісінде ішкі істер желілік бөлімінің қызметкерлері «ҚТЖ» Ұлттық компаниясы» АҚ Семей жол бөлімшелерімен өзара әріптестікті нығайтып, құқық бұзушылықтардың алдын алуда қоян-қолтық жұмыс жасаулары шарт.
Әсіресе, басқосуда жазатайым оқиғалардың, темір жол көлігі нысандарында жарақат алу фактілерінің өсуі, қауіптілігі жоғары аймақтардан адамдар мен малдардың өту мәселелері қызу талқыланды. Талғат Өтетілеуов азаматтардың өмірі мен денсаулығының, жолаушылардың жол жүруінің қауіпсіздік жағдайын қамтамасыз ету, сондай-ақ тораптық, станциялық және кірме жолдар бойынша қозғалыс қауіпсіздігі талаптарының орындалуын тиісінше қадағалауды тапсырды.
Сонымен қатар, кеңейтілген отырысқа қатысушылар күнделікті жұмыс барысында кездесетін басқа да өзекті мәселелер және оларды шешудің тиімді жолдары төңірегінде өз ойларын ортаға салды.