Депутаттың айтуынша, еліміздегі мектептердің біраз бөлігінде интернет жоқ. «Материалдық-техникалық қамтамасыз ету де, интернетті пайдаланудың мүмкіндігі де, тіпті мектептердің өзі де, жалпы орта білім беретін бүкіл инфрақұрылым бұндай бағдарламаны қабылдап, енгізуге әзірше дайын емес. Бәлкім қалалық мектептер әзір болуы мүмкін, бірақ олар жартысы ғана. Бұл - жалпы білім министрлігінің жіберген олқылығы. Ол электрондық бағдарламаға тапсырыс бергенде, осы бағдарламалармен жұмыс істейтін кадрларды да қосымша даярлауы керек еді», - деді Д.Назарбаева. Оның айтуынша, «E-learning» бағдарламасымен жұмыс істейтін мұғалімдердің өзі де дайын емес. Бұл ретте депутат мектептердің толығымен компьютерлермен жабдықталмағанын, жоғары оқу орындарында ондай мамандар даярламайтынын алға тартады. «Білім министрлігі мамандыққа мұғалім дайындаймын дегенше бес жыл өтеді. Ал оған бөлінген қаражат бүгін-ақ жұмсалып жатыр тек дайындықтың өзіне ондаған миллиард теңге кеткен. Міне, депутаттарды ашындыратын да осы жағдай, әйтпесе бағдарламаға қарсы емеспіз. Бағдарлама керек және ол мектептерде шынымен де көптеген проблеманы шешеді», - дейді депутат.
15:46, 19 Қараша 2013
Еліміздің мектептері «E-learning» жүйесін енгізуге еш дайын емес - Д. Назарбаева
АСТАНА. 19 қараша. ҚазАқпарат - Еліміздің мектептері «E-learning» электрондық оқыту жүйесін енгізуге еш дайын емес. Бұл негізінен Білім және ғылым министрлігі жұмысындағы олқылық салдарынан туындап отыр. Бүгін Мәжілістегі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кеңейтілген отырысында комитет төрайымы Дариға Назарбаева осылай мәлім етті.