Команданың бір бөлшегі
Аңсар, тіпті арбамен жүрсе де сүйікті клубының бір матчынан да қалмауға тырысады. Уақыт өте келе оны тек жанкүйерлер ғана емес, ойыншылардың өздері де тани бастады. Ол жаттығуларға қатысады, ойыншылармен, бапкермен де жеке таныстығы бар, 2025 жылдан бері командамен бірге Қазақстан бойынша сырт алаңдағы ойындарға барып жүр.
— Футбол мен үшін тек спорт түрі ғана емес, бұл менің бүкіл өмірім, — дейді Аңсар.
Аңсар стадионға алғаш рет «Елімай» мен «Қызылжар» арасындағы кубок матчына келді. Бұл ойын тек атмосферасымен ғана емес, сонымен қатар сүйікті командасының жеңісімен де есте қалды.
— Маған сол ойындағы атмосфера қатты ұнады, біз жеңдік! — деп еске алады ол.
Біртіндеп Аңсар қатардағы жанкүйер емес, команданың бір бөлігіне айнала бастады.
Ол сүйікті клубының өзіне деген ықыласын жылылықпен еске алады:
— Біз командамен әрқашан жақсы қарым-қатынастамыз. Жігіттер үнемі мені қолдайды, мен де командамды жақсы көремін. Клуб маған Қазақстанның әртүрлі қалаларында болатын сырт алаңдағы ойындарға билет алуға көмектеседі, — дейді Аңсар.
УЕФА қорына өтініш
Аңсардың отбасы баланың футболға мейірін ескеріп, УЕФА Балалар қайырымдылық қорының Wishmaker бағдарламасына өтініш берді. 2015 жылы құрылған қор қиын аурудан зардап шегетін, мүгедектікке немесе басқа да қиын өмірлік жағдайларға тап болған балалардың футболға қатысты армандарын орындаумен айналысады. Кішкентай жанкүйерлер мен оның отбасы УЕФА-ның матчына барып, сүйікті футболшыларымен кездесу мүмкіндігіне ие болады.
Өтініш мақұлданып, Қор Аңсарға Бакуде өтетін Әзербайжанның «Сабах» және Испанияның «Барселона» командалары арасындағы Чемпиондар лигасы матчына билеттер берді. Сапар шығындарын «Елімай» клубының басшылығы көтерді.
Аңсармен бірге Бакуге ағасы Жандос барды. Ол Аңсардың осы сапарды көптен армандағанын және әрқашан оның қасында болуға тырысатынын айтты.
Каспий асқан Аңсарларға УЕФА қызметкері Дәулет Уранхаев сапарлас болды. Ұйымдастыру мәселелеріне, соның ішінде мүгедектер арбасына арналған көліктің берілуіне Әзірбайжандағы Қазақстан елшілігі көмектесті.
Осылайша, семейлік баланың арманын орындауға бүкіл әлем атсалысты. Футболдың әлеуметтік күші деген осы, ол адамдарды біріктіреді. Ал Аңсардың сапарында футбол арқылы қазақстандықтардың жасампаз энергиясы да көрінісін тапты.
«Сабах» жылы қарсы алды
Матчтан бір күн бұрын «Сабах» Аңсарды командалық жаттығуға және ойыншылармен кездесуге шақырды. Аңсар үшін әсіресе Баку клубының капитаны және Қазақстан құрамасының қақпашысы Станислав Покатиловпен кездесу өте маңызды еді.
— Мен Стас Покатиловты көптен бері білемін, бірақ алғашқы кездесіп отырғанымыз осы. Бұл кездесу маған қатты ұнады. Ол капитан, өте жақсы және тәжірибелі ойыншы, — деп мойындайды Аңсар.
Команданың өзі де Аңсарды мол әсерге бөледі
— Маған ойыншылармен кездесу қатты ұнады. Олар өте қарапайым, жақсы ойыншылар. Бапкер де жақсы, — деді ол.
«Сабах» футбол клубының әлеуметтік жобалар жөніндегі менеджері Лейла Гасанованың айтуынша, команда Аңсармен маңызды матч алдында кездессе де, оны қуана қарсы алды.
Бакулік клубтың өкілі ойыншылардың қонақты жылы қарсы алып, әңгімелесіп, бірге суретке түскенін атап өтті. Клуб өкілдері Аңсардың шынайы сезімдеріне риза болды.
— Біз үшін футбол тек спорттық нәтижелер ғана емес, сонымен қатар адамдарды біріктірудің, оларға қуаныш сыйлаудың және ерекше сәттерді ұйымдастырудың да мүмкіндігі. Біз осы кездесуге үлес қоса алғанымызға қуаныштымыз, — деп атап өтті Гасанова.
Чемпиондар лигасының кеші
Осылайша, Аңсар өмірінде алғаш рет Чемпиондар лигасы матчын трибунада отырып тамашалады. Бакудің Олимпиада стадионында «Сабах» «Барселонадан» 1-4 есебімен жеңілді, бірақ Аңсар үшін маңыздысы есеп емес еді. Ойынға дейін де ол: «Осынау үлкен матчқа баратынымды білгенде қатты қуандым. Оның үстіне алпауыт командаға қарсы ойын!», — деп айтып жүрді.
Ойыннан да артық
Бұл сапар Аңсардың шетелге алғашқы шығуы еді. Ол үлкен еуропалық футболды теледидардан емес, стадионда отырып тамашалады. Әрі айтулы ойын кезінде клубтың қалай жұмыс істейтінін, мұндай деңгейдегі матчтың қалай дайындалатынын, осы жолда қаншама адам еңбек ететінін өз көзімен көрді. Сапар оған қуат беріп, жаңа мақсаттарға ынталандырды.
Енді Аңсар ағылшын тілін байыпты түрде оқуды жоспарлап отыр, сонда ол футбол туралы мақалаларды түпнұсқасында оқи алады, жаңа дүниелерді үйренеді, бәлкім, болашақта футбол индустриясында жұмыс та істей алар…
— Сапардан мол әсер алдым. Маған стадион ерекше ұнады, ол өте үлкен және әдемі салынған! Барлығы да керемет болды. Болашақта мен ағылшын тілін үйренуге бекініп отырмын. Бұл сапарды ешқашан ұмытпаймын, — деп өз әсерін бөлісті Аңсар.
Оның басқа балаларға айтар тілегі де өзі сияқты қарапайым әрі шынайы: «Балаларға ешқашан шегінбеңдер дегім келеді. Армандарыңа жетесіңдер. Бастысы — арманыңа сену. Армандар әрқашан орындалады!»
Оқи отырыңыз: «Елімай» футбол клубына жаңа бапкер тағайындалды.
Оралдағы «Ақжайық» шағынауданында УЕФА талаптарына сай келетін 12 мың орындық жаңа футбол стадионы бой көтереді.