Оралда салынатын жаңа футбол стадионы қандай болмақ
ОРАЛ. KAZINFORM — Оралдағы «Ақжайық» шағынауданында УЕФА талаптарына сай келетін 12 мың орындық жаңа футбол стадионы бой көтереді.
Осыған орай Kazinform тілшісі БҚО құрылыс басқармасына мәселенің мән-жайын білу үшін арнайы сауал жолдаған еді.
Басқармадан мәлім еткеніндей, жоба құны — 39 млрд 121 млн 611,3 мың теңге.
Ғимараттың жалпы ауданы — 20 198,32 шаршы метр. Биіктігі — 20,96 шаршы метр.
Құрылысты 19-24 ай мерзімде аяқтау көзделген.
Басқарма мәліметіне қарағанда, қазіргі кезде «Ақжайық» шағынауданында 10 гектар жер телімі рәсімделіп жатыр. Сондай-ақ мердігер ұйымды анықтау үшін мемлекеттік сатып алу порталына өтініш жолданды.
Күні бүгін конкурстық рәсімдер тәмамдалып келеді.
Жоба бойынша футбол стадионы 12 мың орынға есептелген. Ғимараттың сәулет келбеті қазіргі заманғы талаптарға сай келеді. Қоршаған ортаға кірігетін стадионның батыс бетінде кәдесый өнімдері мен «Жайық» футбол клубының атрибутикалары қоса сатылатын бутиктері бар сауда бөлігі орналастырылмақ. Оңтүстік бетінде әкімшілік және қызмет орындары болады.
Жылдың салқын мерзімінде де іс-шаралар өткізу үшін стадион жабық нысан болмақ.
— Өңірде ұлттық және халықаралық талаптарға сай келетін заманауи спорттық инфрақұрылымның жоқтығы осындай стадион салу қажеттілігін туындатқан болатын. Қазіргі таңда қалада екі стадион бар. Бірі — 1968 жылы салынған, 8 320 орынға есептелген П.Атоян атындағы стадион. Екіншісі — 2007 жылы тұрғызылған, 2 мың орындық «Ақжайық» стадионы. Бұл нысандар Қазақстан Премьер-лигасы мен УЕФА стандарттарына сәйкес келмейді. Жаңа стадион Премьер-лига матчтарын, республикалық және халықаралық жарыстарды өткізуге, кәсіби және бұқаралық футболды дамытуға, оған қоса мәдени-көпшілік іс-шараларды ұйымдастыруға мүмкіндік береді, — делінген ресми жауапта.
Жаңа стадион құрылысына байланысты екіұдай пікір де жоқ емес. Қарсылар жергілікті «Жайық» футбол клубының бірінші лигада ойнайтынын алға тартып, осыншама қаржыны басқа маңызды мақсаттарға жұмсау керек екенін айтады.
Еңбек ардагері, спорт жанашыры Қапиет Ғиниятұлы аталған мәселеге байланысты пікірдің әр түрлі болуы заңды деп есептейді.
— Дегенмен Батыс Қазақстанда футбол тұраламауға тиіс. Еліміздің өзге қалаларында осындай стадиондар салынып жатқан кезде біз неге артта қалуымыз керек. Инфрақұрылымды дамыту — қазіргі таңдағы өзекті мәселенің бірі. Сондықтан 12 мың орындық футбол стадионы ойыншылар үшін де, жанкүйерлер үшін де керек деп есептеймін, — деді Қапиет Ғиниятұлы.
Еске салайық, бұдан бұрын Оралда жаңа стадион салына ма, соны жазған едік.
«Халықтық құрылыс» бағдарламасына сәйкес саладағы жаңа жоба-жоспарлар мен көрсеткіштер қандай екені де хабарланды.