Халықтық құрылыс: Саладағы жаңа жоба-жоспарлар мен көрсеткіштер қандай

ОРАЛ. KAZINFORM — Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында «Халықтық құрылыс» бағдарламасын қолға алу мәселесіне айрықша тоқталып, Үкімет пен салалық министрліктерге нақты міндеттер жүктеген еді. Бұл ретте Қазақстанда қандай іс-шаралар, жоба-жоспарлар жүзеге асырылмақшы? Міне, осы орайда Kazinform тілшісі Қазақстан Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне арнайы сауал жолдаған еді.

в
Фото: Kazinform/ЖИ

Алдымен талдау жасалады

Министрліктің мәлім еткеніндей, «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында Ұлттық қор қаражаты есебінен әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жобалар жүзеге асырылады.

Ведомство бұл жұмысқа Ұлттық экономика, Денсаулық сақтау, Оқу-ағарту, Туризм және спорт, Мәдениет және ақпарат, Көлік министрліктерімен, Атом энергиясы жөніндегі агенттікпен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп қатысады. Өңірлердің әлеуметтік, инженерлік және көліктік инфрақұрылымға қажеттілігі жан-жақты зерделенуде.

в
Фото: БҚО құрылыс басқармасы

Қазіргі уақытта жұмыс талдау кезеңінде. Мүдделі мемлекеттік органдармен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, өңірлердің әлеуметтік, инженерлік және көліктік инфрақұрылымға қажеттілігі жан-жақты ойластырылуда. Талдау өңірлік стандарттар жүйесіне негізделеді. Бұл жүйе әр елді мекенде халық санына шаққанда қанша мектеп, медициналық, спорт және мәдениет нысаны болуы керегін айқындайды. Стандарттан ең көп артта қалған өңірлер мен елді мекендер бірінші кезекте қамтылады.

Талдау нәтижелері бойынша нақты жобалардың тізімі қалыптастырылып, белгіленген тәртіппен Үкіметке енгізіледі. Құрылыстың барлық кезеңі қатаң бақылауда болады.

Жаңа Құрылыс кодексіне сәйкес не жұмыс істеледі?

Қазақстан Республикасының жаңа Құрылыс кодексін іске асыру аясында министрлік рұқсат беру рәсімдерін цифрландыру, құрылыс сапасын бақылауды күшейту және саланың ашықтығын арттыру бойынша бірқатар іс-шараларды орындады және тиісті жұмыстарды жалғастыруда.

Атап айтқанда, объектілер бойынша бастапқы-рұқсат беру құжаттамасын, техникалық шарттарды алудан, жобалаудан, мемлекеттік сараптамадан өтуден бастап құрылыс салу және пайдалануға беруге дейінгі барлық процесті кезең-кезеңімен цифрландыру жұмыстары жүргізілуде.

в
Фото: БҚО құрылыс басқармасы

Рұқсат беру құжаттарын алу процестерін цифрландыру мақсатында мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған жүйесі (МҚҚК АЖ) жұмыс істейді. Ол сәулет-жоспарлау тапсырмаларын (СЖТ), техникалық шарттарды (ТШ) беруді, эскиздік жобаларды келісуді, сондай-ақ инженерлік желілердің интерактивті картасын жүргізуді қамтамасыз етеді.

Бұл құрылыс саласындағы ашықтықты арттыруға және әкімшілік кедергілерді азайтуға ықпал етеді.

Құрылыс кодексінде құрылыс процестерін «бір терезе» қағидаты бойынша цифрландырудың бірыңғай алаңы болып табылатын және объектілердің өмірлік циклінің барлық кезеңдеріндегі цифрлық процестерді кезең-кезеңімен біріктіруді қамтамасыз ететін Бірыңғай құрылыс порталы (Qportal.kz) бекітілген.

Жобалау мен сараптаманың тиімділігін арттыру мақсатында ғимараттар мен құрылыстарды ақпараттық модельдеу (BIM) технологиялары енгізілуде. Нақты айтқанда, жобалау құжаттамасының жинақтылығын автоматтандырылған түрде тексеру бойынша пилоттық жоба іске асырылды. Ол сараптама барысында тексеру мерзімін 5 жұмыс күнінен 2 жұмыс күніне дейін қысқартуға бағытталған.

Құрылысқа бақылауды күшейту мақсатында атқарушылық құжаттаманы, техникалық және авторлық қадағалау процестерін цифрландыруды қамтитын e-Qurylys ақпараттық жүйесі жұмыс істейді.

в
Фото: БҚО құрылыс басқармасы

Сонымен қатар объектінің бүкіл өмірлік циклі бойында ол туралы мәліметтердің қадағалануын қамтамасыз ететін бірыңғай цифрлық паспортын енгізу мәселесі пысықталуда.
Кепілдік міндеттемелер бөлігінде жаңа Құрылыс кодексімен құрылыс объектілеріне кемінде 5 жыл, ал көтергіш конструкцияларға, шатырға және қасбеттерге кемінде 10 жыл болатын ең төменгі кепілдік мерзімдері белгіленген. Аталған шаралар мердігерлердің жауапкершілігін арттыруға және құрылыс сапасын жақсартуға бағытталған.

Министрлік мәліметінше, мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған цифрлық жүйесі (бұдан әрі – МҚК АЦЖ, gov.ggk.kz, қала құрылысы кадастры) аумақтарды дамытудың цифрлық құралы болып табылады және бас жоспарларды, егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын, ғимараттар, құрылыстар мен инженерлік желілер туралы мәліметтерді жинақтайды.

2026 жылғы наурыздан бастап құрылыс саласындағы құрылыс салуды ұйымдастыру және рұқсат беру рәсімдерінен өту қағидаларына сәйкес (Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2026 жылғы 29 мамырдағы № 265 бұйрығы, бұған дейін – Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы № 750 бұйрығы) сәулет саласындағы «Құрылыс және реконструкциялау (қайта жоспарлау және қайта жабдықтау) жобаларын әзірлеу кезінде бастапқы материалдарды ұсыну» және «Эскизді (эскиздік жобаны) келісу» мемлекеттік қызметтері еліміздің барлық аумағында МҚК АЦЖ арқылы көрсетіледі.

Жүйеде бастапқы-рұқсат беру құжаттарын ұсыну, эскиздік жобаларды келісу және табиғи монополиялар субъектілерінің (жылумен, электрмен, сумен жабдықтау және су бұру салаларындағы) техникалық шарттарды беру жөніндегі бизнес-процестерді автоматтандыру функционалы әзірленген. Сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік дерекқорларымен, электрондық үкімет шлюзімен (ЭҮШ/ЭҮП) және Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры (ЖМБМК) жүйесімен интеграция жүзеге асырылған.
Биылғы 1 шілдеден бастап Құрылыс кодексінің 65-бабының 4-тармағына сәйкес міндетті қызметтер көрсететін табиғи монополиялар субъектілері мен квазимемлекеттік сектор субъектілеріне өздерінің теңгеріміндегі инженерлік желілердің резерві, бос және қолжетімді қуаттары, сыйымдылықтары, орындары мен өткізу қабілеті туралы мәліметтерді МҚК АЖ-де орналастыру және өзектендіру міндеті жүктеледі. Бұл жерде қала құрылысы кадастрынан ақпаратты және (немесе) мәліметтерді жүргізу және ұсыну қағидалары басшылыққа алынады.

в
Фото: БҚО құрылыс басқармасы

Жаңа өндіріс орындары қай өңірлерде қолға алынбақ?

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің хабарлауынша, Президент тапсырмасын орындау аясында Қазақстанның барлық өңірінде құрылыс индустриясы саласында жаңа өндірістік нысандар құру бойынша инвестициялық жобаларды іске асыру көзделген.

Жобалардың ең көбі Алматы облысы (22), Шымкент қаласы (20), Астана (14) және Қызылорда өңірінің (13) үлесіне тимекші.

Жобалар металл конструкцияларын, цементті, жылу оқшаулағыш және құрылыс материалдарын, темірбетон бұйымдарын, кірпішті, газоблоктарды, құбырларды, арматураны және құрылыс саласын дамытуға қажетті өзге де өнімдерді өндіруді қамтиды.

Негізгі бағыттардың қатарында цемент зауытын салу, жылу оқшаулағыш материалдар мен темірбетон бұйымдары өндірісін кеңейту, сондай-ақ металл конструкцияларын шығару қуаттарын дамыту бар.

в
Фото: БҚО құрылыс басқармасы

Осылайша, жаңа өндірістер елдің барлық өңірінде бой көтереді. Бұл отандық өндірістік базаны нығайтуға, құрылыс саласын қажетті материалдармен қамтамасыз етуге және импорттық өнімге тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді.

Тұрғын үй құрылысының қарқыны қандай?

Министрліктің ақпараты бойынша 2026 жылы барлық қаржыландыру көзі есебінен тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша жоспарлы көрсеткіш 20,4 млн шаршы метр немесе 188 мың тұрғын үй деңгейінде айқындалды.

2025 жылдың қорытындысы бойынша республикада барлық қаржыландыру көзі есебінен 20,3 млн шаршы метр тұрғын үй немесе 188,1 мың тұрғын үй іске қосылған еді.

2026 жылғы қаңтар-қыркүйек айларындағы статистикалық деректерге сәйкес, 13 197 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 102,7 пайыз. Оның ішінде тұрғын үйлердің жалпы алаңының 4 945,9 мың шаршы метрі халық есебінен тұрғызылды.

Республика бойынша барлығы 121 711 тұрғын үй бой көтерсе, соның ішінде 27 183-і – жеке тұрғын үй.

в
Фото: БҚО құрылыс басқармасы

Тұрғын үй құрылысына салынған инвестициялар көлемі 2 795,6 млрд теңгеге жетті, бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,4 пайызға жоғары. Құрылыс жұмыстарының нақты көлем индексі 111,5 пайыз немесе 7 812,3 млрд теңге болды.

Республиканың 17 өңірінде пайдалануға берілген тұрғын үй көлемінің өсуі тіркелді. Ең жоғары өсім Алматы облысында (16 пайыз), Маңғыстауда (12 пайыз) және Жетісуда (10,1 пайыз) байқалды.

Есесіне Қарағанды облысында тұрғын үй көлемі 28,2, Атырауда 15,6, Ақмолада 11,8 пайызға төмендеген. 

Құрылыстағы бұзушылықтарға қатысты қандай шара қолданылады?

Құрылыс кодексінің 28-бабына сәйкес, салынып жатқан (салынуы белгіленген) құрылыс объектілері мен кешендерінің мониторингін жүргізу, құрылыс объектілерін пайдалануға қабылдап алу актілерін есепке алуды жүргізу, мемлекеттік нормативтік құжаттардың нормаларын, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында белгіленген талаптар мен шектеулерді жол берілген бұзушылықтарға және олардан ауытқуларға байланысты бұзушыларға қатысты тиісті шара қолданылады. Бұл туралы шешім қабылдау облыс, республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкімдіктерінің құзыретінде. 

Кодекстің 47 және 50-баптарына сәйкес жергілікті атқарушы органның мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы органдары бұзушылықтар анықталған кезде жедел ден қою шараларын қабылдайды, оның ішінде анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама береді.

в
Фото: БҚО құрылыс басқармасы

Кодекстің 146-бабына сәйкес сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметінің субъектілері жол берген Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасында белгіленген нормалар мен талаптарды (шарттарды, қағидаларды, шектеулерді) бұзушылықтар Қазақстан заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мемлекеттік бақылауды күшейту аясында талаптарды қатаңдатудың жаңа тәсілдерін әзірледі, сонымен қатар саланы автоматтандыру және цифрландыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Құрылыс кодексінің аясында «объектілерді жоспарлы инспекциялау» тетігін енгізе отырып, объектілерді салудың және пайдалануға қабылдаудың барлық кезеңінде бақылауды күшейту, сондай-ақ құрылыс процесіне қатысушылардың жауапкершілігін дербестендіру жөніндегі нормалар көзделген. Оған жобалаушы, сарапшы, құрылысшы, жобаларды басқарушы, техникалық қадағалау жөніндегі маман және авторлық сүйемелдеу жөніндегі мамандар кіреді.

Қазақстанда құрылыс саласында сапаны бақылаудың цифрлық жүйесін енгізу аясында объектілердің өмірлік циклінің жоспарлаудан бастап пайдалануға беруге дейінгі барлық кезеңінде үздіксіз бақылауды қамтамасыз ететін саланы мемлекеттік басқарудың жаңа моделі қалыптастырылды.

в
Фото: БҚО құрылыс басқармасы

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап құрылыс саласының базалық цифрлық платформасы болып табылатын, негізгі мемлекеттік сервистерді біріктіретін және барлық процестерді «бір терезе» қағидатына ауыстыратын Бірыңғай құрылыс порталы іске қосылды.

Портал жобаларды іске асырудың толық цифрлық қадағаланымын қамтамасыз етеді: бастапқы-рұқсат беру құжаттамасын алудан, инженерлік іздестірулер жүргізуден және жобалау құжаттамасын әзірлеуден бастап сараптамадан өтуге және атқарушылық құжаттаманы жүргізе отырып, құрылысты сүйемелдеуге дейін.

Сонымен қатар мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге, тізілімдерге және салалық мамандандырылған модульдерге орталықтандырылған қолжетімділік енгізілді.

Кодекстің 132-бабы 2-тармағына сәйкес объектілерді пайдалануға қабылдауға мемлекеттік құрылыс бақылау органдарының міндетті қатысуы бекітілді.

Сондай-ақ атқарушылық-техникалық құжаттаманы жүргізу цифрлық форматқа ауыстырылды, бұл объект бойынша іс-қимылдардың: жұмыстар кезеңдерінің, келісулердің, ескертулердің, орындау мерзімдерінің, жауапты тұлғалардың және растайтын құжаттардың толық қадағаланылуын қамтамасыз етеді. 

в
Фото: БҚО құрылыс басқармасы

Бұл құжаттарды формалды түрде рәсімдеу, оларды нақты тексерусіз қол қою және құжаттаманы кейіннен рәсімдеу тәуекелдерін төмендетеді.

Құрылыс процесінің қатысушылары, оның ішінде тапсырыс беруші, мердігер, техникалық қадағалау және авторлық сүйемелдеу тұлғалары өздеріне жүктелген міндеттер шегінде дербес жауапты болады.

Атқарушылық құжаттаманы цифрлық жүргізу объект туралы мәліметтердің толықтығын, дұрыстығын және уақыттылығын арттыруға мүмкіндік береді. 

Осылайша, атқарушылық-техникалық құжаттаманы цифрландыру және форматтық-логикалық бақылау құрылыс жұмыстарының сапасын арттыруға тікелей ықпал етеді.

Сонымен қатар «Азаматтық қорғау туралы» Заңда төтенше жағдайлар органдарының қала құрылысы жобаларын сейсмикалық, сел, опырылу және қар көшкіні қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөлігінде келісуі, сондай-ақ биіктігі 28 метрден асатын құрылыс объектілерінің талаптарға сәйкестігі туралы қорытынды беру жөніндегі нормалар көзделген. 

Кодекстің 118-бабының 2-тармағына сәйкес, мердігер (бас мердігер) мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауы органдарының сұрау салуы бойынша орындалып жатқан (орындалған) мердігерлік жұмыстардың және қолданылатын құрылыс материалдарының, бұйымдары мен конструкцияларының сапасына зертханалық бақылау жүргізуге міндетті.
Сондай-ақ, медігер (бас мердігер) құрылыс сапасын өзіндік өндірістік бақылаудың барлық түрлері мен нысандарын (кіру, операциялық, аралық, қабылдау, зертханалық, геодезиялық және басқа да) жүзеге асыруға міндетті.

Сапасыз немесе нормативтік талаптарға сәйкес келмейтін материалдарды қолдану анықталған жағдайда, кінәлі субектілерге қолданыстағы заңнамада көзделген шаралар, оның ішінде анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама және әкімшілік жауаптылық шаралары қолданылады.

в
Фото: БҚО құрылыс басқармасы

Кодекстің 53-бабына сәйкес, авторлық сүйемелдеуді жүзеге асыратын тұлғалар құрылыс барысында бекітілген жобалық шешімдердің сақталуын бақылауға және анықталған бұзушылықтарды жою туралы жазбаша нұсқаулар беруге міндетті.

- Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте де (318-бап) тапсырыс берушінің, мердігердің, авторлық сүйемелдеушінің және техникалық қадағалаушының объектіні жобадан ауытқулармен пайдалануға беруі үшін жауапкершілігі көзделгенін атап өту қажет. Оған қоса осы кодекстің 313, 314, 315, 321-баптарына сәйкес, құрылыс саласындағы құқық бұзушы кінәлі тұлғаларға әкімшілік жауаптылық шараларын қолдану қарастырылған. Бір жыл ішінде бұзушылыққа қайта жол бергені үшін (312-бап) мердігер ұйымдарды лицензиядан айыру көзделген. 2026 жылғы 1 шілдеден бастап Құрылыс кодексі аясында жосықсыз құрылыс салушылардың тізімін қалыптастыру және жүргізу қағидалары қабылданды, - делінген министрліктің жауабында. 

Жұмыстар Жалпыұлттық жоспарға сәйкес жүргізілмек

Ұлттық экономика министрлігінің нақтылауынша, Мемлекет басшысының Жолдауларын дайындау және іске асыру, Президенттің актілері мен тапсырмаларымен жұмыс істеу қағидаларына сәйкес Жалпыұлттық іс-шаралар жоспары әзірленеді. Бұл ҚР Президентінің 2010 жылғы 27 сәуірдегі № 976 Жарлығымен бекітілген.

Үкіметтің 2026 жылғы 3 қарашадағы отырысында биылғы Жолдауды іске асыру жөніндегі жоспар мақұлданды.

Қағидаларға сәйкес жоспардың жобасы жасалып, Үкімет қаулысымен енгізіледі және Президент Жарлығымен бекітіледі. Қазіргі уақытта жоспардың орындалу мерзімдері мен жауапты орындаушыларын айқындау жұмыстары жүргізілуде.

в
Фото: БҚО құрылыс басқармасы

Ол бекітілгеннен кейін жоспар іс-шараларын жүзеге асыру жөніндегі жұмыс белгіленген тәртіппен жалғастырылатын болады.

- Қағидаларға сәйкес, нақты іс-шаралар, олардың мерзімдері мен жауапты орындаушылар Жалпыұлттық жоспарда айқындалады. Ол бекітілгеннен кейін әрбір тармақ бойынша бақылау бекітіліп, іс-шараларды іске асыру жөніндегі жол карталары жасалады. Күні бүгін мемлекеттік органдар Мемлекет басшысының Жолдауының қорытындысы бойынша тиісті ұсыныстар әзірлеп жатқанын ескере отырып, Жоспар бекітілгенге және іс-шаралар бөлінгенге дейін оны іске асыру барысы туралы түсініктемелер беру және жауапты орындаушыларды айқындау мерзімінен бұрын деп есептеледі, - деп хабарлады Ұлттық экономика министрлігі. 

Осылайша, көрсетілген жоба-жоспарларға сәйкес Қазақстанда «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында ауқымды жұмыстар атқарылатын болады. 

в
Фото: БҚО құрылыс басқармасы

Еске сала кетейік, бұдан бұрын халықтық құрылыс бойынша Алматыдағы LRT және SkyTrain жобалары жайлы не белгілі болғандығын жазған едік.