Халықтық құрылыс: Алматыдағы LRT және SkyTrain жобалары жайлы не белгілі
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда көше-жол желісіндегі жүктемені азайтуға бағытталған ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Олар туралы Kazinform тілшісіне Алматы қаласы жол инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы Олжас Шабданов айтып берді.
Олжас Шабдановтың айтуынша, Алматы қаласының 2040 жылға дейінгі Бас жоспарына енгізілген өзгерістер аясында көлік инфрақұрылымын кешенді дамыту, көлік жүктемесін азайту және халықтың ұтқырлығын арттыру көзделген. Негізгі өзгерістер радиалды және магистральдық жолдарды дамыту, көшелерді ұзарту, көлік тораптарын салу, сондай-ақ метро, SkyTrain және LRT желілерін қоса алғанда, қоғамдық көлікті дамыту бағыттарын қамтиды.
LRT желісі
2026 жылдың сәуір айынан бастап Алматыда жеңіл рельсті көлік — LRT желісінің құрылысы жұмыстары жүріп жатыр.
Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы жаңа қоғамдық көлік құрылысы бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатқанын атап өтті. Айтуынша, бастапқы кезеңде жер жұмыстары және траншеяларды қазу жұмыстары орындалды. Одан кейінгі кезеңде жерасты инженерлік желілерін ауыстыру, қайта жаңарту және күшейту, оның ішінде гильзалау және қорғаныш футлярларға салу жұмыстары басталған. Бұл жұмыстар толық аяқталған учаскелерде жолдың жоғарғы құрылысы элементтерін орнату, атап айтқанда: шпалдар мен рельстерді төсеу жұмыстары атқарылуда.
Одан бөлек ол негізгі желілермен қатар LRT депосының құрылысы жүргізіліп жатқанын айтты.
— LRT депосы Алматы қаласының Алатау ауданындағы индустриялық аймақта орналасады. Оның жалпы ауданы — 19 гектар. Қазіргі уақытта депо аумағында жер жұмыстары жүргізіліп жатыр, — деді Олжас Шабданов.
Бұған дейін Алматыда LRT депосының болашақ бейнесі көрсетілген болатын.
Ведомство басшысы жеңіл рельсті көліктің аялдамалары туралы да түсінік берді. Айтуынша, LRT аялдамалары жолдың ортасында аралдық платформалар түрінде орналасады. Жобаға сәйкес, 24 аралдық платформа қарастырылған. Яғни екі бағыт бойынша жалпы саны 47–48 аялдама кешені болады.
Ал LRT пойыздарын Алматыға жеткізу 2027 жылдың екінші жартысында басталуы тиіс.
— Жылжымалы құрамдарды жеткізу 2027 жылдың жазынан бастап жоспарланып отыр. Жобаның бірінші кезегінде бес секциялы 25 құрамды жеткізу көзделген, — деді басқарма басшысы.
SkyTrain жобасы
Биыл қазан айында Алматының бірнеше көшесінде SkyTrain жобасы аясында жобалық құжаттаманы әзірлеуге қажетті инженерлік-геологиялық іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Kazinform тілшісіне берген жауабында Олжас Шабданов Алматыда құрылысы талқыланып жатқан SkyTrain жобасының маңызына тоқталды. Оның айтуынша, SkyTrain — эстакада бойымен қозғалатын монорельсті көлік жүйесі. Оның дәстүрлі теміржол көлігінен айырмашылығы — жылжымалы құрамы рельстермен емес, арнайы бетон жолдың бойымен резеңке дөңгелектер арқылы қозғалады.
— Бұл — жерүсті көлік ағындарымен қиылыспай, эстакада бойымен қатынайтын заманауи әрі жылдам қоғамдық көлік түрі. Мұндай көлік жүйелері әлемнің көптеген елдерінде сәтті пайдаланылып келеді. Сондай-ақ жобаны іске асыру кезінде оның болашақта Алматы облысы бағытында ұзарту және қалаішілік көлік желісімен біріктіру мүмкіндіктерін де ескеру маңызды, — деді ол.
Олжас Шабданов аталған жоба 2027-2030 жылдар арасында іске асырылатынын атап өтті. Жоспар бойынша SkyTrain-нің екі желісі болады.
- Бірінші желінің ұзындығы — 22,5 шақырым. Райымбек даңғылымен Барлық көлік торабынан (бұрынғы базар) Талғар тасжолына дейін созылады. Оның бойында 13 аялдама салынады.
- Екінші желінің ұзындығы — 23,9 шақырым. Саин көшесінен Әл-фараби даңғылы, әрі қарай Шығыс айналма жолына дейін созылады және Халық аренаға дейін жетеді.
Сұхбат қорытындысында ведомство басшысы LRT және SkyTrain жобаларын іске асыруға тиісті тәжірибесі мен қажетті құзыреттері бар шетелдік компаниялар тартылғанын атап өтті. Бірақ нақты компаниялардың атын атамады.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда LRT желісін кім салатынын және қанша қаражат бөлінгенін жазғанбыз.