Еліме алтын сыйлағым-ақ келген, соңғы сәтте жауапкершілік жүгі жеңіп кетті — Жадыраев
АСТАНА. KAZINFORM — Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Демеу Жадыраев финалдағы белдесуден кейін Kazinform тілшісіне сұхбат берді.
«Дайындығым жоғары деңгейде болды. Бірақ финалда ұтылғаннан кейін аздаған өкініш болады екен. Финалдың алдында үлкен жауапкершілік сезіндім, сол жеңіп кетті. Әйтпесе дайындығым өте жақсы болатын. Қай жерден қате жібергенімді білу үшін кейін белдесуді қайта қарап шығуым керек. Содан кейін бірдеңе айта аламын. Еліме алтын сыйлағым-ақ келген, бірақ күміске қол создық. Кешеге дейін мұндай жауапкершілік, толқу болған жоқ еді. Финалда сол басым болып кетті. Күміс құтты болсын! Қалған жігіттер тек алтын алсын деп тілеймін!» — деді Демеу Жадыраев марапаттау рәсімінен кейін.
Айта кетейік, Демеу Жадыраев финалда жапониялық Нао Кусакадан 5:2 есебімен ұтылып, Париж Олимпиадасының күміс жүлдесін қанағат тұтты.
Грек-рим күресінен ұлттық құраманың бас бапкері Юрий Мельниченко жарыстан кейін Демеу Жадыраевтың финалдағы белдесуі жайында пікір білдірді.
Оның айтуынша, Жадыраевқа аздаған ептілік жетпей қалды.