Жаңарған Қызылорда
Алғашқы сапар Сыр өңірінен басталды. Жүргізуші Қызылорданы теміржол вокзалынан бастап аралап, қала тұрғындарымен тілдеседі, қоғамдық көлікпен қатынап, өңірдегі жаңарған инфрақұрылыммен танысады. Қалада күн сайын 280 автобус 32 бағытта қатынайды.
Эфирде Президент саябағы, Достық үйі, ботаникалық бақ, қоғамдық қауіпсіздік жүйесі мен қаланы көркейту бағытында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар кеңінен көрсетіледі. Мәселен, Достық үйі – сыр өңіріндегі 35 этностың ортақ шаңырағы. Дәл осы ғимаратта ұлттық құрылтайдың 5-ші отырысы өтті. Сол жиында президент Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық даму қарқынына жоғары баға берді. Өңірде жаңа мектептер, мәдениет және спорт және медицина нысандары көптеп бой көтеріп жатыр.
Жаңару демекші, президент саябағы да жаңаша кейіпке енген. Мұнда 50 метрлік шолу дөңгелегі, мыңдаған ағаш пен гүл, футбол, теннис, скейт-парк пайда болған. Ойын алаңдарынан бөлек, саябақта спорт алаңдары және амфитеатр да бар, тұрғындарға түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады.
Сондай-ақ бағдарламада көрермен қала тазалығына үлес қосып жүрген коммуналдық қызметкерлердің еңбегімен, өңір қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жедел басқару орталығының жұмысымен танысады.
– Біздің жұмысымыз таңғы 4-4:30-да басталады. Жұмысқа келіп, дәрігерлік тексеруден өтеміз. Диспетчерден көлік жүргізуге рұқсат қағазын алған соң, негізгі жұмысымызға кірісеміз. Қазір көшелерге су шашамыз, – дейді «Қызылорда тазалығы» КМК қызметкері Нұрсұлтан Ахметов.
Қызылорда қауіпсіздігін камералар мен ЖИ күзетеді
Бағдарламада Қызылорда қаласындағы қоғамдық қауіпсіздік жүйесіне де назар аударылды. Қала көшелерінде бейнебақылау камералары көптеп орнатылған. Сонымен бірге, адам көп шоғырланатын орындарда SOS жедел байланыс батырмалары жұмыс істейді.
Жедел басқару орталығының талдау және бақылау тобының инспекторы Дәулет Пазылханның айтуынша, қала бойынша 15 SOS батырмасы орнатылған. Ал облыс аумағында 1600-ден астам бейнекамера қоғамдық тәртіпті бақылауға жұмылдырылған. Олар құқық бұзушылықтардың алдын алып қана қоймай, қылмыстарды жедел ашуға да көмектеседі.
Жыл басынан бері бейнебақылау камераларының көмегімен 43 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, 112 қылмыстың ашылуына ықпал еткен. Сондай-ақ өңірде ЖИ элементтері енгізіліп жатыр. Жүйе іздеуде жүрген немесе пробация есебіндегі азаматтарды автоматты түрде анықтап, ақпаратты полиция қызметкерлеріне жолдайды. Бұл қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тетіктерін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беріп отыр.
Сыр өңіріндегі экзотикалық әлем
Бағдарламаның ерекше аялдамаларының бірі – Қызылордадағы тропикалық ботаникалық бақ. Мұнда Мадагаскар, Үндістан, Қытай, Африка, Бангладеш, Оңтүстік Америка және өзге де елдерден әкелінген мыңдаған экзотикалық өсімдік өсіп тұр.
Жобаның авторы Ерлан Мирамбекұлының айтуынша, мұндай бақ ашу идеясы шетелдегі тәжірибеден туған.
– Польшада оқыдым. Мамандығым – ландшафттық көгалдандыру. Әлемнің 82-ден астам қаласында болып, Оңтүстік Америка, Оңтүстік Корея мен Еуропадағы ботаникалық бақтарды көрдім. Сонда “Неге мұндай бақ өз елімізде, туған жерім Қызылордада жоқ?" деген ой келді, – дейді ол.
Қазір бақта банан, лимон, фикустың сирек түрлері, аглаонема, кротон секілді өсімдіктер жерсіндірілген. Мұнда Канар құстары еркін ұшып жүреді, жасанды сарқырамада 60-қа жуық балық тіршілік етеді. Ерлан Мирамбекұлының сөзінше, бақтағы өсімдіктердің 99% шетелден әкелінген.
– Бұл жердегі өсімдіктердің басым бөлігі – Мадагаскар, Оңтүстік Америка және басқа да елдерден жеткізілген. Оларды осы өңірдің климатына бейімдеп, жерсіндірдік, – дейді жоба авторы.
Бақтағы ерекше өсімдіктердің бірі – бананның Musa сорты. Бір бұтағы толық жетілгенде 36-40 келіге дейін жеміс береді. Сондай-ақ мұнда Аустралия мен Оңтүстік Америкада өсетін араукария, табиғи жолмен жапырақтары ойық болып өсетін монстера және өзге де сирек түрлер бар.
Еске сала кетсек, Jibek Joly телеарнасындағы «Таза қала» жобасы Атыраудың туристік әлеуетін көрсеткен еді.