Елімізде 17 мың бала үйден білім алуға мәжбүр

Фото: Астана қаласының әкімдігі

АСТАНА. KAZINFORM – Ерекше балалармен жұмыс істейтін мұғалімдерге көмекші лауазымдар ашудың арқасында үйден білім алатын балалардың үлесі 11 пайыз кеміген. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Үкімет отырысында мәлім етті.

- «Қазақстан балалары» бірыңғай тұжырымдамасының аясында үйден оқитын балалардың үлесін азайту қарастырылған. Қазір 17 мың бала үй жағдайында білім алады. Олардың 83 пайызы мүгедектігі бар, ерекше жағдайды қажет етеді, - деді ведомство басшысы.

Сондай-ақ, ол білім беру ұйымдарының штаттарына педагог-ассистенттер мен жеке көмекші лауазымдары енгізілгенін еске салды.

- Осының нәтижесінде үйден оқитын балалар саны 11 пайызға дейін төмендеді. Яғни, 2 мыңға жуық бала мектепке келуге мүмкіндік алды, - деді Жұлдыз Сүлейменова.

Сондай-ақ, ол Олжас Бектенов жеке компанияларды мұқтаж адамдарды қолдауға шақырды.