Елімізде 3D-басып шығару бойынша жаңа стандарт бекітілді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда өнеркәсіптік 3D-басып шығаруды дамытуға арналған ұлттық стандарт бекітілді. Құжат шикізат пен дайын бөлшектердің негізгі сипаттамаларын және оларды сынау әдістерін белгілейді. Жаңа стандарт 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

Фото: gov.kz

Сауда және интеграция министрлігінің хабарлауынша, «ҚР СТ ISO/ASTM 52927-2026» «Аддитивті технологиялар. Жалпы қағидаттар. Негізгі сипаттамалар және сынау әдістері» ұлттық стандартын «ҚазСтандарт» республикалық мемлекеттік кәсіпорны әзірледі. Құжатты Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының 2026 жылғы 25 қыркүйектегі № 46-НҚ бұйрығымен бекітті.

Жаңа стандарт кәсіпорындарға қосалқы бөлшектерді, құрал-жабдықтар мен жабдық құрамдастарын Қазақстанның өзінде өндіруге мүмкіндік беретін нормативтік негіз қалыптастырады. Бұл шетелдік жеткізілімдерге тәуелділікті азайтуға жол ашады. Технология мұнай-газ, тау-кен өнеркәсібі, энергетика, машина жасау және көлік салалары үшін маңызды.

Стандартты енгізу кәсіпорындарға «цифрлық қоймалар» құруға мүмкіндік береді. Сирек қолданылатын бөлшектерді көп мөлшерде сақтаудың орнына, олар сертификатталған 3D-модельдерді сақтап, қажетті бөлшектерді сұраныс туған кезде басып шығара алады. Бұл, әсіресе шалғайдағы нысандарда, сақтау және жеткізу шығындарын азайтуға көмектеседі.

Кері жобалау мен 3D-басып шығаруды қолдану бөлшектерді дайындау және жөндеу мерзімін бірнеше айдан бірнеше күнге дейін қысқартуы мүмкін. Соның арқасында жабдықты жұмысқа тезірек қайтаруға болады. Аддитивті технологиялар күрделі пішіндегі бөлшектер мен жеңіл конструкциялар жасауға, сондай-ақ өндіріс қалдықтарын барынша азайтуға мүмкіндік береді.

Ұлттық 3D-модельдер қоры қалыптасуы мүмкін

Стандарт 3D-модельдер мен технологиялық деректердің ұлттық қорын қалыптастыруға негіз болады. Бұл аса маңызды бұйымдарды отандық өндірісте жасауға, сондай-ақ жобалау, материалдар әзірлеу, өнім өндіру және оны сертификаттау бағыттарындағы ұлттық құзыреттерді дамытуға қажет.

Бірыңғай нормативтік база 3D-принтерлерді жекелеген мақсаттарда пайдаланудан толыққанды өндіріс саласын дамытуға көшуге ықпал етуге тиіс. Бұл шағын инженерлік және өндірістік кәсіпорындарға, сервистік орталықтар мен мамандандырылған 3D-бюроларға жаңа мүмкіндіктер ашады.

Университеттер мен ғылыми-зерттеу институттары үшін стандарт металл ұнтақтарымен, полимерлермен, композиттермен және дайын бөлшектермен жұмыс істеудің бірыңғай әдіснамасын белгілейді. Бұл ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізуге көмектеседі. Құжат сынақ зертханалары мен сәйкестікті бағалау органдарының жұмысына да негіз болады.

Саланың дамуы 3D-модельдеу мамандарына, аддитивті өндіріс инженерлеріне, материалтанушыларға және сапаны бақылау сарапшыларына деген сұранысты арттыруы мүмкін.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда тұрғын үй сапасының бірыңғай стандартын енгізу ұсынылғанын хабарлағанбыз.