Елімізде 4–5 жастағы балаларды еңбекке баулу жобасы бастау алды

АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мазмұнын жаңарту мақсатында 2025–2026 оқу жылында «Ерте жастан кәсіпке және еңбекке баулу» пилоттық жобасы іске қосылып жатыр. 

Фото: Астана әкімдігі

Жобаға республика бойынша 100 мектепке дейінгі ұйым қатысады, оның ішінде 62 мемлекеттік және 38 жекеменшік балабақша бар. Бағдарлама 4 пен 5 жастағы балаларды қамтиды.

Жобаның мақсаты — балаларды еңбекке баулу, олардың бойында еңбекқорлық, жауапкершілік және табандылық сияқты қасиеттерді қалыптастыру. Сондай-ақ мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың маңызды бағыттарының бірі — еңбек пен түрлі мамандық иелеріне құрметпен қарауды үйрету.

Жоба мазмұны баланың жас ерекшелігі мен қызығушылығына сай әзірленген. Балалар күнделікті ойын және тәжірибелік іс-әрекет арқылы түрлі кәсіп түрлерімен танысады, қарапайым еңбек дағдыларын меңгереді.

Жоба аясында балалардың еңбекке деген қызығушылығы артады, ұжымдық жұмыс пен еңбек ету қабілеті дамиды, сондай-ақ болашақ кәсіби бағдардың алғашқы қадамы жасалады. 

Айта кетелік елімізде балабақша кезегі үш есе қысқарды