Жұмыссыздар саны 22 мыңнан асты
Ақтөбе облыстық статистика департаментінің мәліметіне сүйенсек, биыл екінші тоқсанда жұмыссыздар саны 22 400 адам болды, яғни еңбек етуге қабілетті адамның 4,6%-ы жұмыссыз жүр.
— Биыл қазан айында жұмыспен қамту орталықтарында жұмыссыз ретінде тіркелгендер саны 20171 адамды құрады немесе жұмыс күшінің — 4,1%-ына тең, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық статистика департаменті.
Сонымен бірге ІІ-тоқсанда орташа жалақы 440 520 теңге болды. Өткен жылдың екінші тоқсанымен салыстырғанда 8,7% өсім тіркелді.
Еnbek.kz порталында Ақтөбе облысы бойынша 2 мыңнан астам ваканция ұсынылған. Басым бөлігі Ақтөбе қаласынан. Жұмыс орнын ұсынғандар арасында білім, денсаулық сақтау саласының мекемелерімен қатар жеке кәсіпкерлік субъектілері де бар. Жалақы 85 000 теңгеден бастап, мамандығы мен қызметіне қарай көтеріледі береді. Білікті инженерлер мен қаржы саласының мамандарына 500 000 теңгеден жоғары жалақы ұсынылады. Көбі еңбек өтіліне басымдық береді.
Ал осы еnbek.kz порталында 10 мыңнан астам түйіндеме жүктелген. Демек түйіндеме саны бос жұмыс орындарынан бес есе көп. Көбі тұрақты жұмыс іздейді және жоғары білімдісі де, жалпы орта мектеп бітіріп, арнайы мамандық алмағаны да жетіп артылады.
«Күміс жас» жобасы кімдерге тиесілі?
Ең қиыны — зейнет жасына жақындаған шақта жұмыс табу. Мемлекет бұл үшін «Күміс жас» жобасын ұсынады. Еңбек мобильділігі орталығы мен жұмыс беруші келісімі негізінде іске асатын жоба аясында жалақының басым бөлігін мемлекет төлейді. Оған тек жасы 50-ден асқан қазақстандықтар қатыса алады. Тағы бір ескере кетерлік жайт, жасы келген жұмыс іздеушінің міндетті түрде мамандығы болуы шарт. Егер білімі мен біліктілігін растайтын қандай да бір құжаты болмаса алдымен оқып, кейін ғана сұраныс бере алады.
— Ақтөбе облысы бойынша «Күміс жас» жобасы аясында 850 адамды жұмыспен қамту жоспарланды. Қазіргі кезде 816 адам жұмысқа алынды. Былтыр 1 200-ден астам адам осы жоба аясында жұмысқа орналасты. «Күміс жас» жобасына қатысу үшін Еңбек мобильділігі орталығы мен жұмыс беруші арасында келісімшарт болады. 50 жастан асқан адамдар ғана бос орынға жіберіледі. Олар үш жыл тұрақты жұмыс істейді, әрі қарай зейнетке шыққанға дейін сол мекемеде қала алады, — деді Еңбек мобильділігі орталығы өтінім берушілерді қолдау бөлімінің маманы Гинят Менделин.
Еңбек мобильділігі орталығының хабарлауынша, биыл 120 адам жобаны аяқтаған, 69-ы тұрақты жұмысқа орналасқан. Бұл адамдар арасында зейнеткерлікке шыққандары да, денсаулығына байланысты өз еркімен жобадан бас тартқаны да бар. Орталық жылдарға бөліп сараптамайды, тек жобаның алғашқы сәттерінен бастап жалпы тіркеу жұмысын жүргізеді. Ал «Күміс жас» жобасы елімізде 2022 жылы басталды.
Бүгінде «Күміс жас» жобасына қатысқан жұмысшылардың жалақысы 185 357 теңгеден аспауы тиіс. Алғашқы жылы оның 70%, екінші жылы 65%, үшінші жылы 60% мемлекет бөліп отырады. Егер жалақы 185 357 теңге болса жұмыс беруші, яғни, кәсіпкер 55 607 — 74 143 теңгені ғана аударады, қалғанын мемлекет өз міндетіне алады. Ең төмен жалақы — 85 000 теңге. Кейде жұмыс беруші ең төменді де, ең жоғарыны да білгілемейді. Өз кезегінде 150 000 теңге жалақы қойып, тек 30-40% бөле алады. Егер қаласа, сыйақы тағайындауға құқылы.
— «Күміс жас» жобасына қатысушылар арасында бұрын жұмыс істеп, қысқарып қалғаны да, мүлде жұмыс істемегені де бар. Бәріне қойылатын ортақ талап — жасы 50-ден асқан жұмыссыз болуы керек. Арасынан есепші де, кондитер де, кітапханашы, мұғалімдер де табылады. Мүлде жұмыс істемеген адамдардың басым бөлігі — көпбалалы әйелдер. Олар зейнет жасына жақындаған кезде төлемнің дұрыс шыққанын қалайды. 50 жасында жұмысқа орналасса, бала санына байланысты 53 жасында зейнетке шыға алады, — деді ол.
Жобаға кәсіпкерлер де қызығады
«Күміс жас» жобасы тек жұмыс іздеушілерге емес, жұмыс берушілерге де тиімді болып тұр. Олар жұмысшыларды осы жоба аясында қабылдағанды жөн көреді. Негізгі себеп — жалақы шығыны аз.
— «Күміс жас» жобасына жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен жеке кәсіпкерлер қатысады. Ол өндірісте де, қызмет көрсету саласында да бар. Білім, денсаулық сақтау саласындағы жеке кәсіпкерлік субъектілері де ұсыныс береді. Оның ішінде балабақшада тәрбиешісі, тәрбиешінің көмекшісі қызметтерін ұсынып отырғандар бар. Еnbek.kz порталына тіркелген жұмыс іздеушіге үш күнде 1414 нөмірінен хабарлама келеді. Мамандығына сай жұмыс орындары ұсынылады. Егер ұнамаса порталдағы барлық бос жұмыс орындарымен таныса алады. Қазір «Күміс жас» жобасының тиімділігі көрінеді. Ересек адамдардың бірден жұмыс тауып кетуі қиындау. Ал жоба кезінде мамандық бойынша қызметке қайта орналасып, үйренуге болады. Бір айта кетерлігі, мамандығы болмаса қысқа мерзімді курстарды оқып, куәлік алуы керек, — деді Еңбек мобильділігі орталығы өтінім берушілерді қолдау бөлімінің маманы Гинят Менделин.
Ал мемлекеттік мекемелердің «Күміс жас» жобасына қатысуына шектеу қойылған.
Егде жастағы адамдар «Күміс жас» жобасына қатысу жолын білмесе «Мансап» орталығына баруы тиіс. Мамандар еnbek.kz порталына тіркелуге көмектеседі, құжаттарын тексеріп береді. Егер жеке кәсіпкер ретінде тіркелсе, жоғары оқу орнының студенті болса, жұмыссыз деп саналмайды, жобаға қатыса алмайды.
— Мәселен биыл «Күміс жас» жобасымен жұмысқа орналасты. Келісімшарт 2029 жылға дейін, яғни үш жылға жасалады. Егер жұмыстан шығып кетсе, тұрақты жұмысқа орналаса алады. Денсаулығы сыр берсе, анықтамасын ұсынады. Деректердің бәрін жұмыс беруші кәсіпкер жинап, «Мансап» орталығы, Еңбек мобильділігі орталығына есеп беріп отырады, — деді ол.
Айта кетейік, биыл жұмыспен қамтудың ережесі өзгерді. Жұмыс беруші жұмысшы санының 10 пайызын ғана «Күміс жас», «Жастар тәжірибесі» жобалары мен әлеуметтік жұмыс орындарына бөледі. Мәселен, ұжымда 30 жұмыс орны болса, Еңбек мобильділігі орталығы әр бағыттан тек үш адамға жолдама бере алады. Егер мүгедектігі бар адамды жұмысқа қабылдаса, өтінім беру мүмкіндігі екі есе артады. Яғни 3 адам емес, 6 адамды мемлекеттік жеңілдікпен қабылдауға болады. Бұған дейін мұндай шектеу болмады. Тағы бір ескеретін жайт, «Күміс жас» жобасына қатысқан адам күні бұрын жұмыстан шығып кетсе, мерзімі бітіп, тұрақты қызметке қабылданбаса, екінші рет дәл осы бағдарламаға өтініш бере алмайды. Тек өзге тұрақты жұмысты іздейді.
Зейнет жасына жақындағанда жұмыс табылды
Ондаған жыл балабақшада тәрбиеші болып, кейін денсаулық жағдайына байланысты ем алған Алтынай Махамбетова қайда еңбекке араласты. Ол Жұмыспен қамту орталығына барып, түйіндемесін еnbek.kz порталына тіркелді.
— Зейнет жасына жақындаған адамға жұмыс табу қиын болатыны рас. Мамандығым тәрбиеші болған соң маған бірнеше балабақшаны ұсынды. Үйіме жақынын таңдап отырмын. Жұмыс істеп жүргеніме 6 айдан асты. Жалақымның 70% мемлекет төлейді, қалғанын жұмыс беруші береді. Екі жылда зейнетке шығамын. Маған тиімді болып тұр, — деді балабақша тәрбиешісінің көмекшісі Алтынай Махамбетова.
Жұмыс беруші кәсіпкер де жобаның қаржы үнемдеуге септігі мол деп есептейді. Сонымен бірге егде жастағы адамдар тәжірибелі болады.
— «Күміс жас» жобасына қатысушылардың мерзімі аяқталса, «тұрақты жұмысқа аламыз» деп хат жолдаймыз. Сонымен бірге өзге бағдарламалар аясында да қабылдап, тұрақты қызметке орналасқандары бар. Біз жалақы төлеу кезінде ақша үнемдейміз, ал жұмыссыздар еңбекке араласады, — деді балабақша меңгерушісі Гүлбаршын Қыдыралина.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, «Күміс жас» жобасына қатысушылардың басым бөлігі ауыл тұрғындары. 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында жоба аясында 10,3 мың адам жұмысқа орналасқан.