Елімізде әлі де 10 млн гектар жер пайдаланылмай бос жатыр
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Қазақстанның ұлан-байтақ жері — аса маңызды экономикалық ресурс әрі азық‑түлік қауіпсіздігінің кепілі. Десек те елімізде бос жатқан және заңнаманы бұза отырып берілген ауыл шаруашылығы жерлері жетерлік.
Осы мәселені шешу үшін Мемлекет бірқатар заңнамалық механизмдерді қолданып, пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару бағытында белсенді жұмыс жүргізіп келеді.
2022 жылдан бері 13 млн гектарға жуық жер мемлекет меншігіне қайтарылды, оның 11 млн гектардан астамы — жайылым.
Игерілмеген жер
Елімізде ауыл шаруашылығы айналымында 205,5 млн га жер бер. Оның ішінде жайылым алқабының алаңы — 183 млн га.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, жерді қашықтықтан зондтау және ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру деректеріне сәйкес пайдаланылмай жатқан немесе тиімсіз пайдалану белгілері бар шамамен 10 млн га астам жайылым анықталады.
Мамандардың айтуынша, жердің бос жату фактісі алғаш рет анықталған кезден бастап бір жыл бойы мақсатқа сай пайдаланылмаған жағдайда ол заңға сәйкес мәжбүрлі түрде алынады.
Қандай жағдайда:
- жайылымда малдың болмауы немесе уәкілетті орган бекіткен жүктеменің жартысынан аз болуы
- жемшөп дайындау мақсатында шөп шабылмауы
- егістікте ауыл шаруашылығы дақылдарын егуге арналған жер учаскесін өңдеу жұмысының жүргізілмеуі
- арамшөптердің, бұталардың, шіліктердің басып кетуі немесе шөп бітіктігінің жұтаңдануы
- көпжылдық көшеттерді күту, өнімін жинау және тегістеу жұмысының жүргізілмеуі.
Дауды сотқа жеткізбеуге мүдделі
Жер учаскесiнің меншiк иесiне немесе жер пайдаланушыға жер заңнамасының талаптарын бұзуды жою туралы нұсқама табыс етілген күн жер учаскесін пайдаланбау фактісі анықталған кез деп есептеледі.
2022 жылы — 5,4 млн га, 2023 жылы — 4,6 млн га, 2024 жылы — 2,2 млн га, ал биыл жыл басынан — 1 млн га жер қайтарылса, 60% жер пайдаланушылар өз еркімен пайдаланбаған жерлерінен бас тартқан.
Бұған көп жағдайда жер инспекторлары жүргізілген тексерулер нәтижесінде қолданылған шаралар — айыппұл салу, салықты 20 есеге дейін ұлғайту себеп.
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердi ұтымсыз пайдалану немесе мүлде пайдаланбаған жағдайда ескерту жасалады немесе жеке тұлғаларға — 10, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға — 40, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне — 70, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне 200 АЕК мөлшерiнде айыппұл салынады.
Сонымен қатар, жер пайдаланушылардың дауды сотқа дейін жеткізбей, пайдаланылмай жатқан жер учаскесін қайтаруға мүдделі болуының да өз себебі бар.
Жер кодексінің 96-1 бабына сәйкес, жер учаскесі мәжбүрлеп алып қойылған тұлғаларға үш жыл мерзімде қайта жер берілмейді.
Осыған байланысты мәжбүрлі түрде сот тәртібінде алып қойылған жер учаскелерінің жалпы үлесі қайтарылған жердің 10% алады.
Қалған 30% — заңсыз қабылданған шешімдердің күшін жою, жер жалдау мерзімінің аяқталуы, мемлекет мұқтаждығына байланысты алып қоюға байланысты.
Банкте кепілде тұр
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің нақты қаншасы банктердің кепілінде тұрғанын дәл айту мүмкін емес, өйткені мұндай ақпарат банк құпиясы болып есептеліп, екінші деңгейдегі банктер бұл деректерді мемлекеттік органдарға ашық түрде бермейді.
Дегенмен, қазіргі қолда бар деректер бойынша, екінші деңгейдегі банктердің кепілінде 4 844,8 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер бар.
Бұл ретте Жер кодексінің 92-бабының 6-тармағына сәйкес, егер банк кепілдегі жер учаскесін өз меншігіне алса, мемлекет мұндай жерді мәжбүрлеп алып қоюды тек меншік құқығы тіркелген күннен бастап алты ай өткен соң ғана жүзеге асыра алады.
Қайтарылған жерге сұраныс жоғары
Астықты өңір — СҚО-да, Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, 2022 жылдан бастап 712 мың га пайдаланылмай жатқан жер мемлекет меншігіне қайтарылды.
Соның ішінде биыл прокурорлық қадағалау актісі негізінде жалпы ауданы 33,2 мың гектар, кадастрлық құны 29,8 млрд теңге болатын 36 жер учаскесі мемлекет меншігіне өтті.
Басқарма басшысының орынбасары Талғат Наурызбаевтың айтуынша, облыс бойынша бос жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер жоқ. Мемлекеттік меншікке қайтарылған жерлер шаруашылықтарға конкурс арқылы жалға берілді.
Өңір бойынша 2022 жылдан бастап және 2025 жылдың 7 айы аралығында 68 конкурс өткізілді, оның қорытындысы бойынша 132,3 мың га ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер берілді, оның ішінде егістік 37,3 мың га болса, қалғаны жайылым.
— Алынған жерлер халықтың жайылымдық учаскелерге деген қажеттілігін қанағаттандыру үшін беріледі, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өндірісімен айналысқысы келетіндерге жалға беріледі. Осы мақсатта 361,5 мың га қайта бөлінді, оның ішінде тұрғындарға жайылымға — 229,2 мың га, ауыл шаруашылығы өндірісімен айналысқысы келетіндерге — 132,3 мың га берілді. Қазір облыс бойынша жалпы халықтың жеке ауласындағы төрт түлік бойынша жайылым тапшылығы жоқ, — дейді Талғат Наурызбаев.
Жерді тиімді басқарудың маңызы
Жер ресурстарын тиімсіз пайдаланудың елді мекендердің дамуына кері әсері бар. Kozybayev University-дің PhD докторы Данияр Байтеңізовтың айтуынша, ол экономикаға, экологияға және әлеуметтік салаға да қатысты.
— Экономикалық әсеріне келер болсақ, инвестициялық тартымдылық төмендейді. Бос жатқан, арамшөп басқан жер эрозияға ұшырап, топырақтың құнары жоғалады. Салдарынан азық‑түлік өндірісі азаяды. Жерді тиімсіз пайдалану шөлденуге әкеледі. Ауа сапасының нашарлауына әсер етеді. Ал әлеуметтік жағынан айтар болсақ, жерді дұрыс қолданбау ауылда өмір сүру жағдайын нашарлатып, тұрғындарды қалаға көшуге мәжбүр етеді. Бұл өз кезегінде қалалық инфрақұрылымға қосымша жүктеме әкеледі. Қорыта айтқанда, тұрақты даму тежеледі — тұрмыс сапасы төмендейді, шығындар артады, қоршаған орта нашарлайды. Бұл — экономикалық, экологиялық және әлеуметтік тұрақтылыққа кері әсер ететін маңызды факторлардың бірі, — дейді Данияр Байтеңізов.
Бос жатқан жерді қайтару жеткіліксіз
Ауыл шаруашылығы министрлігі «Жерлерге зерттеп-қарау жұмыстарын жүргізу мемлекеттік институты» РМК мәліметінше, ведомство 2024-2030 жылдар кезеңіне топырақ құнарын қалпына келтіру және арттыру жөніндегі шараларға қатысты Жол картасын әзірлеген.
Бекітілген құжат су және жел эрозиясымен, сондай-ақ шөлейттенумен күрес бойынша одан әрі шара қабылдай отырып, топырақты кешенді зерттеуді қамтиды.
Бұл шаралар деградацияға қарсы күрес жөніндегі өңірлік Жол картасында көрсетіледі, бүгінгі күні он жеті өңірде сондай құжат бар.
— Жол картасы аясында ауыл шаруашылығы жерлерін ұтымды пайдалану мақсатында Жер ресурстарын басқару комитеті мен жергілікті атқарушы органдардың ведомстволық бағынысты ұйымдарының өзара іс-қимыл алгоритмі бекітілді. Бұл алгоритмде жер пайдаланушылардың учаскені тиімді пайдалану жөніндегі міндеттемесін орындамаған жағдайда жер учаскесін жалға алу шартын бұзу не шарттың қолданылу мерзімін ұзартудан бас тарту көзделген. Егер жердің құнарын сақтауға қарсы нақты, жүйелі шаралар қолға алынбаса, бұл алдағы 10–15 жылда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің қысқаруына әкелуі мүмкін, — дейді мамандар.
Естеріңізге салайық, бұған дейін ШҚО-да бос жатқан 64 мың гектардан астам, Атырау облысында 31 мың гектар жер қайтарылғанын жазған едік.