Елімізде апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар
АСТАНА. KAZINFORM – Осы аптада елімізде негізінен жергілікті атқарушы органдарда бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды.
Апта басында «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы тағайындалды.
Мемлекет басшысының өкімімен бұл жауапты қызмет Махсут Курманалиевич Гусейновке жүктеледі.
Ал Ішкі істер министрлігіне қарасты Мақан Есболатов атындағы Алматы ІІМ академиясының бастығы болып Қобландин Қалижан Жеңісбекұлы тағайындалды.
Қалижан Жеңісбекұлы 1980 жылы 19 тамызда Қызылорда облысында дүниеге келген.
2001 жылы М.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «Заңгер» мамандығы бойынша, 2006 жылы Ресей Ішкі істер министрлігінің Басқару академиясын «Мемлекеттік және муниципалдық басқару менеджері» мамандығы бойынша тәмамдаған.
2002 — 2015 жылдары — құқық қорғау органының қызметкері.
2015 — 2017 жылдары — Қызылорда облысының жергілікті полиция қызметінің басшысы.
2017 жылы Қызылорда облысының ішкі істер департаменті бастығының орынбасары болып тағайындалды. Одан кейін көліктегі полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары қызметін атқарды.
Ұлытау облысы Еңбек инспекциясы департаментінің басшысы болып Жасұлан Рүстемов тағайындалды.
Ол еңбек жолын 2007 жылы «Фемида» заң колледжінде ақпараттық жүйелер оқытушысы болып бастаған.
2008-2013 жылдары ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің «Ақпараттық-тұсаукесер орталығы» республикалық мекемесінде ақпараттандыру қызметінің техник-инженері және осы қызметтің бастығы болған.
Әр жылдары ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Көліктік бақылау комитетінде бас сарапшы, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі құжаттамалық қамтамасыз ету басқармасының басшысы, Жезқазған қаласы әкімі аппаратының басшысы болған.
Облыс құрылған сәттен бастап, 2024 жылдың қазан айына дейін Ұлытау облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары болып қызмет етті.
Қарағанды облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы болып Айдын Смағұлов тағайындалды.
Айдын Смағұловтың екі жоғары білімі бар. Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін «Өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс» мамандығы бойынша, Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.
Мемлекеттік қызметте 15 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Қарқаралы қаласы әкімінің аппаратында, Қарағанды облысының құрылыс басқармасында, Қарағанды облысының ТЖД, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінде бас маман болып жұмыс істеді.
МСҚБ басқармасында әртүрлі лауазымдарда еңбек етті, 2022 жылдан бастап осы тағайындауға дейін құрылыс бақылау бөлімінің басшысы — мемлекеттік құрылыс инспекторы болды.
Танымал боксшы, Афины Олимпиадасының чемпионы, Вэл Баркер кубогының иегері Бақтияр Артаев Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасына басшы болып тағайындалды.
Бақтияр Ғарифоллаұлы 1983 жылы Тараз қаласында дүниеге келген. Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «Құқықтану», «Менеджмент», Қазақ спорт және туризм академиясын «Дене шынықтыру және спорт», ҚазТұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетін «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандықтары бойынша бітірген. «Құқықтану», «Дене шынықтыру және спорт» магистрі.
Еңбек жолын 2004 жылы «Тараз газ шаруашылығы басқармасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің менеджері болып бастаған.
2009-2013 жылдары Жамбыл облысы Айшабибі ауылдық округінің әкімі, Жамбыл облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы, Жамбыл облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары.
2013-2021 жылдары «Астана» Президенттік кәсіпқой спорт клубы» корпоротивтік қорынының президенті, «Тарлан батырлары» ЖШС директоры, «Астана Арланс» ЖШС бас менеджері.
2021-2022 жылдары «Қазақстан бокс федерациясы» қауымдастығының ұлттық командалар үйлестірушісі, вице-президенті, Спорт және дене шынықтыру істері комитеті спортты дамыту дирекциясының бокстан мемлекеттік жаттықтырушысы қызметтерін атқарған.
Өскемен қаласының әкімі болып Алмат Акышов тағайындалды.
Алмат Талғатұлы Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданында дүниеге келген.
Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін туризм мамандығы бойынша, Алматы экономика және статистика академиясын экономика және бизнес мамандығы бойынша, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын өңірлік даму магистрі біліктілігі бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын елордадағы «Қазақстан орталық концерт залы» әкімшілік-шаруашылық бөлімінің билет бақылаушысынан бастаған.
2012 жылдан Өскемен қалалық туризмді дамыту бөлімінің маманы, кейін Дене шынықтыру-сауықтыру кешені ұйымдастыру бөлімінің басшысы болды.
2015-2018 жылдары Ауыл шаруашылығы министрлігінде сарапшы және бас сарапшы лауазымдарында қызмет етті.
2018-2020 жылдары ШҚО Ұлан ауданы әкімі аппаратының басшысы болған.
2020-2021 жылдары ШҚО Аягөз ауданы әкімінің экономика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі орынбасары болып жұмыс істеді.
2021 жылдың қаңтар айынан 2022 жылдың қыркүйегіне дейін ШҚО энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы лауазымын атқарған.
2022 жылдың 28 қыркүйегінен осы уақытқа дейін Күршім ауданының әкімі болды.
Ал Өскемен қаласының экс-әкімі Жақсылық Омар Шығыс Қазақстан облысы әкімінің кеңесшісі болып тағайындалды.
Жақсылық Мұқашұлы 1980 жылы 28 қыркүйекте Алматы облысы, Алакөл ауданы, Үшарал ауылында дүниеге келген. 2001 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін тәмамдаған. Мамандығы - география пәнінің оқытушысы, мемлекеттік және жергілікті басқару бакалавры.
Еңбек жолын ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі Республикалық халықаралық мәдени бағдарламалар комитеті дирекциясының жетекші маманы болып бастады.
Әр жылдарда Мәдениет министрлігінде жетекші маман, бас маман, Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінің маманы, «Қазақстан» РТРК» АҚ «Астана» ТРК дирекциясы директорының орынбасары, қоғамдық-саяси бөлімінің продюсері, «Арнамедиа» ҰАХ» АҚ бас менеджері, Парламент Мәжілісі аппараты баспасөз қызметінің сарапшысы, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің көмекшісі, Шығыс Қазақстан облыстық Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары, басшысы, Шығыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының басшысы қызметтерін атқарды.
2013 жылдың мамырынан 2016 жылдың қарашасына дейін ШҚО әкімінің орынбасары болды. 2016-2018 жылдары Алматы облысы әкімінің орынбасары лауазымын атқарған.
Шығыс Қазақстан облысы Самар ауданының әкімі болып Серік Жеңісов тағайындалды.
Серік Жеңісұлы 1983 жылы Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданында дүниеге келген.
2005 жылы С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетін «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша, 2006 жылы аталған университеттің магистратурасын «Экономика» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 2006 жылы Өскемен қаласының ішкі саясат бөлімінің қоғамдық пікірді мониторингілеу және талдау, бұқаралық саяси жұмыс бөлімінің жетекші маманы болып бастаған.
2006-2009 жылдары «Директорлар кеңесі» заңгерлік тұлғалар ұйымының ШҚО аймақтық одағында экономист-сарапшы болып жұмыс істеді.
2009-2011 жылдары Шығыс Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасы жастар саясаты мәселелері және үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс жөніндегі бөлімінің бас маманы болды.
2013-2015 жылдары Шығыс Қазақстан облысы жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының орынбасары лауазымын атқарған.
2015-2018 жылдары — Шығыс Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары, 2018-2019 жылдары — «Шығыс ақпарат» ЖШС басқарма төрағасы, 2019 жылдың маусым-желтоқсан айлары аралығында Өскемен қаласы әкімінің орынбасары болған.
Осы лауазымға тағайындалмас бұрын ШҚО ішкі саясат басқармасының басшысы болып қызмет етті.
Ерсін Ескендіров Абай облысы Ақсуат ауданының әкімі болып тағайындалды.
Ерсін Қадырбекұлы 1985 жылдың 28 желтоқсанында Семей облысы Ақсуат ауданы Ақсуат ауылында дүниеге келген. 2005 жылы Семей құқық және бизнес колледжін «заңгер», 2009 жылы Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетін «Құқықтану», 2020 жылы С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің «Экономика және бизнес» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 2005 жылы Тарбағатай аудандық мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығының аға инспекторы қызметінен бастады. Тарбағатай аудандық аумақтық инспекциясының кадр жөніндегі бас маманы, ШҚО ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің заңгері, бас маманы, Тарбағатай ауданы әкімі аппаратының төтенше жағдайлар жөніндегі бас маманы болып жұмыс істеген.
Әр жылдары Тарбағатай ауданы әкімінің аппараты қаржы-шаруашылық және төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы, Тарбағатай ауданы әкімі аппаратының басшысы, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы, Тарбағатай ауданы әкімінің орынбасары, Ақсуат ауданы әкімінің орынбасары, Абай облысының Жұмылдыру даярлығы және азаматтық қорғау басқармасының басшысы, Ақсуат ауданы әкімінің міндетін атқарушы сияқты басшылық лауазымдарда қызмет атқарды.
Ақмола облысы Аршалы ауданының әкімі болып Достанбек Есжанов тағайындалды.
Бұған дейін ол Біржан сал ауданының әкімі қызметін атқарған.
Түркістан облысы, Арыс қаласының әкімі болып Маңқараев Қайсар Зәкірұлы тағайындалды.
Қайсар Маңқараев 1979 жылы, 9 сәуірде дүниеге келген.
Еңбек жолын 2000 жылы бастап, Шымкент қаласында, «Береке» ЖШС-інде кассир, менеджер, экономист болып жұмыс істеген.
2004 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Астана қаласы бойынша дәрменсіз борышкерлермен жұмыс жөніндегі комитеті басқармасының дәрменсіз кәсіпорындарға мониторинг бөлімінің жетекші маманы болды.
2005-2010 жылдары аралығында Қазақстан Республикасының Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі агенттігі органдарында еңбек еткен.
2010-2016 жылдар аралығында «Қазақстан Республикасы Парламенті шаруашылық басқармасының әкімшілік ғимараттар дирекциясы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны директорының орынбасары, «Орал» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамында басшылық лауазымдарында, Орал қаласы әкімінің орынбасары болып жұмыс атқарды.
2016-2022 жылдар аралығында Батыс Қазақстан облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің кеңесшісі, Нұр-Сұлтан қалалық стратегиялық және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы болды.
2022 жылдан бері Астана қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы болып қызмет атқарып келді.
Қарағанды облысы Саран қаласының әкімі болып бұрын Қарағанды облысының өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы қызметін атқарған Дарын Бұлқайыр тағайындалды.
Дарын Бұлқайыр 2012 жылдан бастап мемлекеттік қызмет саласында қызмет атқарып келеді. Қарағанды қаласы әкімінің аппаратында мемлекеттік-құқықтық бөлімінің бас маманы болып жұмыс істеді.
2013 жылдан 2015 жылға дейін «Қарағанды қаласының тұрғын үй қатынастары бөлімі» ММ бас маманы, басшысының орынбасары болды.
Содан кейін Қарағанды облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасында — бас маман-заңгер, бюджетті атқару бөлімінің бас маманы, мемлекеттік сатып алу және құқықтық жұмыс бөлімінің басшысы болып жұмыс істеді.
2017 жылдан 2021 жылға дейін Қарағанды қаласы Октябрь ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.
2021 жылдан 2023 жылдың шілдесіне дейін Қарағанды облысының жер қатынастары басқармасын басқарды.