Достанбек Есжанов Аршалы ауданына әкім болып тағайындалды

АСТАНА. KAZINFORM – Ақмола облысы әкімінің 2024 жылғы 9 желтоқсандағы өкімімен, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің және аудандық мәслихат депутаттарының келісімімен Аршалы ауданының әкімі болып Достанбек Есжанов тағайындалды. Бұл туралы Ақмола облысының әкімдігі мәлім етті. 

Достанбек Есжанов
Фото: Ақмола облысының әкімдігі

Бұған дейін ол Біржан сал ауданының әкімі қызметін атқарған.

Ауданның жаңа әкімін өңір басшысы Марат Ахметжанов таныстырып, оған Президенттің «Әділ Қазақстан: Заң және тәртіп, экономикалық өсу, қоғамдық оптимизм» Жолдауының басымдықтарын ескере отырып, бірқатар міндеттер қойды.

— Сіздің басты міндетіңіз — аудан тұрғындарының өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау, жылыту маусымының ақаусыз өтуін қамтамасыз ету, ауданның электрмен жабдықтау тапшылығын азайту мәселесін шешу үшін жоспарланған жобаларды іске асыру, елді мекендерді үздіксіз әрі сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету және жол желісін дамыту мәселелері бойынша жұмыстарды жандандыру, — деп атап өтті облыс әкімі.

Сондай-ақ, аудан басшылығы жаңа инвестициялық жобаларды пысықтауы, инвесторларды тарту бойынша жұмысты ілгерілетуі, жұмыс істеп тұрған АӨК кәсіпорындарының жүктемесін арттыруы, Астана агломерациясын дамытудың Кешенді жоспарына енгізілген жобаларды тұрақты бақылауда ұстауы қажет.

— Проблемалық мәселелерді шешу және жаңа жобаларды іске асыру бойынша үлкен жұмыс күтіп тұр. Сондықтан сізге жедел шешім қабылдау ғана емес, ең бастысы, олардың барлығын тиімді іске асыру керек, — деді облыс әкімі.

Кездесу соңында Марат Ахметжанов Достанбек Есжановқа аудан тұрғындарының игілі үшін жүктелген барлық міндеттерді іске асыруда табыс тіледі.

Еске сала кетейік, бұған дейін ІІМ Алматы академиясы мен ІІМ Қарағанды академиясына жаңа басшы тағайындалғанын жазған болатынбыз. 

 

Соңғы жаңалықтар