Елімізде автобус жүргізушілеріне қатысты жол-көлік оқиғалары көбейген

АСТАНА. KAZINFORM — Бас көлік прокуратурасы жолаушылар тасымалы саласында жүйелі заңбұзушылықтарды анықтады.

Фото: Kazinform\ЖИ

Жыл басынан бастап автобус жүргізушілеріне қатысты жол-көлік оқиғаларының саны 5,9%-ға (606-дан 644-ке) өсті. Салдарынан 24 адам қаза тауып, 955 адам жарақат алды.

Көлік прокуратурасы органдарымен жүргізілген талдау қорытындысымен жолаушылар тасымалын лицензиялау және жүзеге асыру кезінде заңнаманың өрескел бұзылу фактілерін анықтағанын хабарлады.

Атап айтқанда, жөндеу-өндірістік базалардың, тахографтардың, медицина қызметкерлері мен техникалық мамандардың болуына қатысты міндетті қауіпсіздік талаптар көп жағдайда формалды түрде ғана сақталатыны анықталды.

Жөндеу базалары ретінде көлік құралдарына қызмет көрсетуге бейімделмеген объектілер көрсетіледі, бір мамандар бір мезгілде бірнеше тасымалдаушының штатында тіркеледі, сондай-ақ қолданылу мерзімі өтіп кеткен сақтандыру полистері ұсынылады.

Жалпы, осындай фактілер 448 тасымалдаушыда анықталды.

Аталған мән-жайлар лицензия беру кезінде де, одан кейінгі мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру барысында да елеулі кемшіліктердің бар екенін көрсетеді.

Уәкілетті органдар осы саладағы біліктілік талаптарына сәйкес келмейтін субъектілерді уақтылы анықтауды және оларды жолаушылар тасымалынан шеттетуді қамтамасыз етпеген.

Прокурорлық қадағалау актісін қарау шеңберінде 124 тасымалдаушы әкімшілік жауаптылыққа тартылып, 36 тасымалдаушының лицензияларының қолданысы тоқтатылды. Қалғандары бойынша жұмыс жалғасуда.

Кінәлі лауазымды тұлғалар әкімшілік және тәртіптік жауаптылыққа тартылды.

Анықталған заңбұзушылықтарды толық жою мәселесі Бас көлік прокуратурасының бақылауында.

Алматылықтар лық толған автобустарға шағымданып жатқанын жазған едік.