Алматылықтар лық толған автобустарға шағымданып жатыр
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматылықтар арасында автобустарға қатысты сұрақ пен шағым жиіледі.
Қала тұрғындары аялдама мен қоғамдық көлік ішіндегі жағдайларды әлеуметтік желіде жариялап жүр. Әсіресе, қарбалас уақытта автобустарға міну қиындық тудыратыны туралы пікірлер көп.
Мәселен, желі қолданушыларының бірі №38 бағыттағы лық толған автобустың бейнежазбасын жариялаған. Онда көлік ішіне қиындықпен кірген әйелдің аяғы есік жабылғанда сыртта қалып қойғанын көруге болады.
Жазбаға пікір қалдырған Елена Кегай есімді тұрғын да көлік бағыттарындағы автобустар саны жеткіліксіз екенін айтқан.
- Кейде келесі автобусты 20 минут күту керек болады. Кейде екеуі бірдей келіп, жарыса жөнеледі. Бұл мегаполис үшін дұрыс емес, - деп жазды ол.
Аталған жағдайға байланысты Жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасы жауап берді.
- №38 автобус бағытының жұмысын жақсарту мақсатында бұған дейін қозғалыс кестелері қайта қаралып, рейстер саны көбейтілді және автобустардың аялдамада тұру уақыты қысқартылды, - делінген хабарламада.
Ведомство өкілдері жолдардағы жүктемеге байланысты, әсіресе қарбалас уақытта кешігулер мен кестеден ауытқулар болатынын мәлімдеді.
- Бұл өз кезегінде қозғалыс интервалының ұлғаюына және аялдамаларда жолаушылардың жиналып қалуына әкеп соқтырады, - деп түсіндірді басқармадан.
Еске салайық, бұған дейін Алматының қандай көшелерінде биыл біржақты қозғалыс енгізілгенін жазғанбыз.