Алматының қандай көшелерінде биыл біржақты қозғалыс енгізілді

АЛМАТЫ. KAZINFORM – 2026 жылдың ішінде Алматының бірқатар көшесінде біржақты көлік қозғалысы енгізілді.

Алматының қандай көшелерінде биыл біржақты қозғалыс енгізілді
Фото: Алматы әкімдігі

Алматы қаласы Жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасының басшысы Ержан Диханбаевтың айтуынша, кей көшелерде біржақты қозғалыс енгізу - ірі бюджет шығындарынсыз көлік қозғалысын оңтайландыруға мүмкіндік береді.

— Біз әуелі жаңа жол таңбалары мен уақытша қозғалыс сызбалары арқылы пилоттық шешімдерді сынақтан өткізіп, оң нәтиже болған жағдайда оларды кеңінен енгізу тәсілін белсенді қолданып келеміз. Бұл үлкен шығынсыз әрі икемді түрде жол қозғалысын жақсартуға мүмкіндік береді. Жаңа қозғалыс сызбалары көшелердің өткізу қабілетін 20-25% арттырып, жол-көлік оқиғаларын 35%-ға дейін азайтуға және қаланың негізгі көлік тораптарына түсетін жүктемені төмендетуге мүмкіндік береді, — деді ол.

Биыл алдымен, Уәлиханов көшесінің Қабанбай батыр көшесінен Қазыбек би көшесіне дейінгі бөлігінде солтүстік бағытта біржақты қозғалыс енгізілді. Кейін Жуков көшесінде (оңтүстік бағытта) және Манаев көшесінде (солтүстік бағытта) Затаевич көшесінен Ахмедьяров көшесіне дейінгі аралықта біржақты қозғалыс ұйымдастырылды.

Одан бөлек:

— Достық даңғылының Гоголь көшесінен Жібек жолы даңғылына дейінгі бөлігінде солтүстік бағытта;

— Зенков көшесінің Мақатаев көшесінен Гоголь көшесіне дейінгі бөлігінде оңтүстік бағытта;

- Әуезов ауданында Атамекен көшесінің («Атамекен» шағын ауданы) № 103 үйден № 108 үйге дейінгі бөлігінде оңтүстік бағытта біржақты қозғалыс енгізілді.

Алматыда жол жабылды
Фото: Алматы әкімдігі

Кейін тағы үш көшеде жаңа көлік қозғалысының схемасы таныстырылды. Прокофьев көшесінде Абай даңғылынан Кіші Абай көшесіне дейінгі аралықта солтүстік бағытта, ал Кіші Абай көшесінде Прокофьев көшесінен Брусиловский көшесіне дейінгі аралықта шығыс бағытта көлік қозғалысы бекітілді. Сондай-ақ Түркебаев көшесінде Сәтбаев көшесінен Төле би көшесіне дейінгі аралықта солтүстік бағытта біржақты қозғалыс ұйымдастырылды.

Оған қоса көліктер Қарасай батыр көшесінде — Розыбакиев көшесінен Варламов көшесіне дейін тек батыс бағытта жүретін болды. Ал Құлымбетов көшесінде — Варламов көшесінен Розыбакиев көшесіне дейін тек шығыс бағытта қатынайды.

- Бір бағытты қозғалыс ұйымдастырылған көшелерде кері өзгеріс жасалып, екі жақты қозғалыс қайта қалпына келтірілген жағдайлар болған жоқ, - деп атап өтті Жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасынан.

Еске салайық, Алматыда Тимирязев және Жандосов сынды ірі көшелерде де біржақты көлік қозғалысы енгізілуі мүмкін екені айтылған болатын. Бұл бастама тұрғындар арасында кеңінен талқыланды. Әсіресе, Тимирязев көшесінің мәселесі жиі қозғалды. Себебі мұнда қалада толыққанды жұмыс істеп тұрған жалғыз BRT желісі бар. Тұрғындардың бір тобы оны алып тастау тиімсіз екенін жазды.

Қоғам талқысына түскен мәселеге қатысты Президент жанындағы ҚР ҰҒА академигі, Көлік ғылымы және технологиялар институтының директоры, техника ғылымдарының докторы Бағдат Телтаев ғылыми зерттеу жүргізіп, оның нәтижесін Kazinform агенттігіне эксклюзивті түрде ұсынды.